Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен 71 отбасына тегін газ тартылды

20.03.2021 00:30

Бұл туралы брифингте қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының мамандары айтты

Әлеуметтік жағдайы осал деп танылған 92 отбасының 71-іне тегін газ тарту жұмыстары аяқталды. Бұл туралы брифингте қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалған 21 үйге керекті құралдар орнатылып, қазір олардың құжаттары әзірленіп жатыр. Бір ай көлемінде бұл үйлер газбен толық қамтылады. Сондай-ақ,  биыл ауа райының тұрақсыздығына байланысты үйлерге жылу беру қашан тоқтатылатыны белгісіз дейді мамандар. Бұл әзірге сәуір не мамыр айларына жоспарланған. Бұдан бөлек биыл көмірдің көмегімен жылитын 6 мемлекеттік мекемені газға ауыстыру көзделіп отыр.

«Дәлірек айтсақ, оның ішінде № 78 балабақша, №195, 157, 197, 194 мектептер мен машина жасау колледжі бар. 4 мекеменің жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, олар газға биыл көшіріледі. Ал №197, 194мектептердің жобасы дайын, оларды эксперизаға жібереміз», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Жұмағалиев.

2020 жылы 293 шақырым болатын ескі электр желілері жаңарыпты. Бұл Медеу, Наурызбай, Түрксіб аудандарын үздіксіз қуатпен қамтуға мүмкіндік береді. Ал су және кәріз жүйесі бойынша 312 шақырым желі жасалған. Осылайша 23 мың тұрғын үй, яғни 85 мың адам ауыз сумен қамтылған. Қаланың шеткі аудандарын орталықтандырылған сумен жабдықтау жұмыстары да жалғасып жатыр.

«17 шағын ауданда оның ішінде Құрамыс, 17 шағын аудан оның ішінде Құрамыс, Жайлау, Таужолы, Колхозшы, Әлмерек, Кемел, Алғабас, Боралдай, Шұғыла, Ақжар, Қайрат, Самғау бойынша 150 км сумен жабдықтау және 130 км су бұру құрылысы жоспарланған», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Жұмағалиев.