Алматылықтар қиын күндерде қол ұшын созып жүрген еріктілерге алғыс білдірді

01.03.2022 01:59

Ертең еліміз Алғыс айту күнін атап өтеді

Almaty.tv

Ертең еліміз Алғыс айту күнін атап өтеді. Бұл ретте жаһанды жалмаған пандемияда дүйім жұртқа «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып көмектескен еріктілердің еңбегін айтқан жөн. Кешегі қаңтар қасіретінде де волонтерлардың күші зор болды. Еріктілер қиын-қыстау кездерді айтпағанда, мұқтаж жандарға күнде қол ұшын созып, талай адамның алғысын алып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Елена Матяс – екінші топтағы мүгедек, жүріп-тұруы қиын. Сондықтан зейнеткер күнінің басым бөлігін үйде өткізеді. «Далаға шығып, қоршаған ортаны тамашалау, құстардың сайрағанын, гүлдің бүршік атқанын көзіңмен көріп, есту – адамға берілген кереметтің бірі» дейді ол. Қария мұндай мүмкіндікке әсіресе волонтерлар келгенде ие боламын дейді.

«Серуендеуге шыққан 1,5 сағаттың ішінде маған шынайы қолғанат бола білді. Олар мені орындықтан арбаға мұқият отырғызып, жағдайымды жасап, көмектесті. Бастысы, олар мұны шын ниетімен, таза жүректерімен жасағаны көздерінен көрініп тұрады. Өмір сүруге құштарлығыңды арттырады, үміт сыйлайды», - деді зейнеткер Елена Матяс.   

Волонтерлікпен айналысып жүргеніне 5 жылдан асқан Нұржан Жасұзақов қарияның көңілін сұрауға бүгін де келді. Құр қол емес, керек-жарағын арқалай келген. Нұржан егде тартқан кісілерге қамқорлық жасаудан бөлек, мұқтаж жандарға тамақ тасуды, әлжуаз отбасыларға қол ұшын созуды жақсы көреді. Қайырымдылық жасап, сауап алуды жаны қалайтын жастар пандемия кезінде де талай адамның алғысын алған. Кешегі қаңтар оқиғасында күйреп қалған мемлекеттік нысандарды да тазартуға атсалысыпты.

«Әкімдіктің бұзылғаны жанымызға қатты батты. Рұқсат берілген соң қаладағы барлық ерікті жиналып ретке келтіру жұмыстарын істедік. Біз ғимаратты қоқыстан, қираған заттардан тазарттық», - дейді ерікті Нұржан Жасұзақов.

Бұл жұмыстардың басы-қасында Жасұлан Абдулов есімді ерікті де болған. «Түрлі тағдыр кездеседі, бірақ оларға жан жылуын бере алсақ, сол біздің еңбектің ақталғаны» дейді ол.

«Ондай адамдардың әрекеті қатты әсер етеді. Аяныш сезімі пайда болады. Волонтер болған маған қатты ұнады. Біз мұқтаж адамдарға, түрлі себеппен жағдайы жоқ отбасыларға көмектесеміз», - дейді ерікті Жасұлан Абдулов.

Қоғамда осындай қайырымдылықпен айналысатын, адам жанын түсінетін жандардың көп болғаны көңіл қуантады дейді зейнеткер. Әсіресе жақсылық жасауға асығатын жандар халықтың алғысына әбден лайық деп санайды.

«Еріктілердің атқарған қызметі, еңбегі мен үшін қымбат. Олардың танытқан мейірімділігін ешқашан ұмытпаймын. Волонтерлерге шексіз ризамын және оларға аналық алғысымды білдіремін», - деді зейнеткер Елена Матяс.

Бүгінде Алматының жедел волонтерлік штабында кәсіби тұрғыда шыңдалған 100-ге жуық ерікті еңбек етеді.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы