Алматыда «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 мыңнан астам әйел арнайы курс оқып шықты

28.10.2021 01:03

Алатау ауданында 500-ден астам көпбалалы ана мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өз кәсібін ашып үлгерген

Almaty.tv

Кәсіп бастаймын деген көпбалалы аналар үшін мемлекеттен қолдау көп. Соның бірі – қалалық «Бизнес бастау» жобасы. Бүгінде әлеуметтік орталықтар жәрдемақы төлеумен қатар, қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыруға немесе арнайы курстарда жаңа кәсіпті игеруге көмектеседі. Одан өзге, әр кәсіпкерді өз назарында ұстап, бизнесінің алға өрлеуі үшін бар жағдайды жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бүгінде Алатау ауданына қарасты «Бақытты отбасы» орталығында 500-ден астам көпбалалы ана мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өз кәсібін ашып үлгерген. Бұл орталыққа жүгінетіндердің көпшілігі тағдыр тауқыметін тартып, шарасыздыққа ұшырағандар. Сондай жанның бірі – Айнұр Сахыпкереева. Жеті баланың анасы. Бастапқыда орталықта еден жуушы болып жұмыс істеген. Кейіннен қысқа мерзімді курсты тәмамдап, қайтарымсыз грантқа ие болды. 

«Өзімнің шағын цехымды аштым. Қазіргі таңда жүн түтетін аппаратым бар. Мен құрақ көрпе тігемін, қыз жасауын дайындап, матрас, ескі көрпелерді реставрация жасаймыз», – деді кәсіпкер Айнұр Сахыпкереева.

Бүгінде Айнұр секілді кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Олар түрлі курс оқып, 505 мыңнан бастап 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант алып жүр. Десек те, қомақты ақша кез келгеніне беріле бермейді. Оған қол жеткізу үшін арнайы бизнес жоспарыңыз болу қажет. 

«Бақытты отбасында» жалғызбасты ана, көпбалалы ана деп бөліп жармаймыз. Әр әйел келіп оқи алады, 31 түрлі курс бар. Сол курстарды оқытып, қолына қармақ ұстатуға көмек береміз», – деді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова.

Биыл жыл басынан бері «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 201 адам арнайы курстан оқып шыққан. Оның ішінде 634 ана – Алатау ауданының тұрғыны. Бүгін олар 9 ай ішінде атқарылған жұмыстарын аудан әкімдігіне көрсетіп, нәтижелерін бөлісті. Сондай-ақ, жүргізіп отырған кәсіптері аясында кездесетін қиындықтарын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

«Жол картасы-2025» 2 млн мен 5 млн теңге аралығында инновациялық грант көрсетілген. Қазіргі таңда қатысушылар құжаттарын тапсырды. Енді өз жобаларын қорғап жатыр», – деді Алатау аудандық «Атамекен» ҰКП директоры Айбек Қазыкенов.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бүгінге дейін жоғары нәтиже көрсеткендер марапатталды. Көпбалалы аналар мен жұмыссыз жастарға осындай қолдау көрсету ісі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы