«Тепловизор атымен жоқ. Санитайзерден әйнек жуатын химиялық заттың иісі шығады»: Мобильді топ Түрксіб, Жетісу аудандарында рейд жүргізді

Almaty.tv
Almaty.tv
Түрксіб ауданындағы шағын және орта бизнестегі санитарлық талаптардың сақталуын 5 мобильді топ бақылайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тепловизор атымен жоқ. Санитайзерден әйнек жуатын химиялық заттың иісі шығады». Сатушыларда маска мен медициналық қолғап жұмыс күніне жетпейді». Алматының «Жұлдыз» ықшамауданындағы бір ғана кварталды тексерген мобильді топ жағасын ұстады. Олар ортақ талапты ескермеген самса сататын дүңгіршек пен кафені жауып кетті. Түрксіб ауданындағы рейд жайлы Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Оқиға орнынан:

– Сіз неліктен маскасыз жүрсіз мында? Келіңізші бері.

Тексеру келгенде ұстатпайтын самса сататын дүңгіршекке тұтынушы болып баруға тура келді. Сатушы медициналық қолғап бен маскасыз сауда жасап тұр. Ал қасындағы әріптесі барын алдымызға көрсетіп әлек. Ондағысы қолданылған бір жұп медициналық қолғап ғана. Дүңгіршекте санитайзер тұрмақ, ас дайындап, қол жуатын су жоқ.

Оқиға орнынан:

–  Санитайзеріңіз қайсы?

–  Не ол? Қолға шашатынымыз бар. Қолғап, маскамен жұмыс жасаймыз.

Мамандар мұнда карантин кезінде қойылған санитарлық талаптар сақталмағанын, сондай-ақ, астан ұшынып қалу қаупі барын айтты. Сондықтан айтылған ескертпелер орындалмайынша, жабылады деді. Ізін ала, мониторинг жасайтын топ кафелердің біріне барды. Ондағы жағдай тіпті сорақы. Білдей кәсіп иесі тепловизор сатып алмаған. Жұмысшыларында маска мен медициналық қолғаптың қоры жоқ. Ал санитайзердің орнына әйнек жуатын химиялық затты қоя салған.

Оған қоса, дәмханада арақашықтықты сақтайтын сызық сызылмаған. Үстелдер бір-біріне өте жақын орналасқан. Халық көп келетін бұл жер де уақытша жабылды.

Үшінші нүктеде де тепловизорды көз шалмады. Мұнда да сол қарапайым маска мен медициналық қолғап жоқ. Ел-жұртқа азық-түлік сататын онда сатушылардың дене қызуы өлшенбейді екен. Оны тіркейтін журнал басталмаған. Бес адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге мамандар бәрін бастан-аяқ түсіндірді.

«Қазір көп жерде күшейтілген маскалық режимін жүріп жатыр. Өкінішке қарай, ол сақталмайды. Бір адамға бір күнде қанша маска керек?  Екі  сағат сайын масканы ауыстырып тұру керек. Ал олар болса, тіпті бір маскамен кешке дейін жүреді», – деді Түрксіб ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Әбиева.

Түрксіб ауданындағы шағын және орта бизнестегі санитарлық талаптардың сақталуын 5 мобильді топ бақылайды. Олар күнделікті әрқайсысы 15-20 нысанды тексеріп үлгереді. Сонда жалпы алғанда күнделікті 200 кәсіпкерге түсіндірме жұмысын жүргізеді. Десе де өрескел қателіктерге бой берген 30-дай нысан жабылып тынды. Ал Жетісу ауданындағы ахуалдың қандай екенін Сая Меңдеке тарқатады. Сая?!  

Рахмет Жадыра! Жетісу ауданында кіші және орта кәсіпкерлік нысандарына жүргізілген тексеріс нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 1 сұлулық салоны анықталды. Онда келушілердің дене қызуын өлшейтін құралдың жоқтығы және тағы бірқатар тәртіп бұзушылықтар табылды.

Жетісу аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы аудан әкімшілігі және жергілікті полиция басқармасымен бірге рейд жүргізіп, бірқатар нысандарды аралады. Мониторинг жүргізетін топ тексерісті Айнабұлақтағы базардан бастады.

Базарда санитарлық талаптар қатаң сақталған. Кіреберісте дезинфекция жасайтын құрылғы орнатылыпты. Келушілер бір есіктен кіріп, екіншісінен шығады.  

«Сатушыларға күнделікті таңертең келгеннен бастап, маска, қолғап киіп, антисептигін шығарып, орындарын 2-3 сағат сайын дезинфекциялап  тұруы керек екенін айтып отырамыз. Кіреберісте антисептік себіліп, дезинфекцияланып, екінші есіктеп шығарылып отырады», – деді Айнабұлақ базарының әкімшісі Уайс Әбдікәрімов.

Әйтсе де карантин тәртібіне немқұрайлылық танытып отырған кәсіпкерлер аз емес. Тексерушілер бас сұққан келесі нысанда, тіпті, қарапайым ережелердің өзі сақталмайды екен.  

Тексерісті күтпеген сұлулық салонының иесі жұмысымызды 2 күн бұрын ғана бастаған болатынбыз деп ақталды. Дегенмен айтылған ескертулердің бәрін қабылдап, кемшіліктерді жоятындығын жеткізді.

«Біз ашылған кезде, екі күндей жудық. Бүгін екінші күн жұмыс істеп жатырмыз. Маскамен жұмыс істеңдер, антисептиктерің болсын деді. Қыздардың дене қызуы жоқ болсын деді. Ал дене қызуын өлшейтін құралды біз алып үлгермедік, өйткені біз білмедік», – деді сұлулық салонының иесі Гурһар Қамзақова.

Осылайша, бас санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптардың орындалуы, сақталуы және бақылауы тиісті органдармен мұқият қадағалануда.

«Ол қаулыда қандай іс-шара атқарылуы керек екені көрсетіледі. Біз қайтадан келіп тексереміз. Егер заң бұзушылық анықталған жағдайда 462-баптың 3-тармағы бойынша бұларға әкімшілік іс-шара қолданатын боламыз», – деді Жетісу ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Бақытжан Рүстемов.

«Маскасыз және санитарлық нормаларды сақтамаған адамдармен профилактикалық жұмыстар жасалып жатыр. Ескертулер жасалып жатыр», – деді Жетісу ауданы Полиция басқармасының аға инспекторы Нұрсәулет Нұрсәлімов.

Кіші және орта кәсіпкерлік нысандарына рейд жүргізілгелі бері ауданда карантин тәртібі сақталмаған 18 нысан анықталған. Олар осы олқылықтарды жойғанға дейін уақытша қызметін тоқтатады.

Жадыра Омаржан, Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров