Алматыда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушыларға төленетін төлемақы көлемі артты

22.04.2021 03:00

Белгіленген уақыт ішінде өзін жақсы көрсеткендер тұрақты жұмысқа қабылданады

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 6 айлық тәжірибеден өтушілерге төленетін төлемақы көлемі артты. Енді оқуды жаңадан бітіріп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасқысы келетін бағдарлама қатысушысы 102 мың теңге жалақы алады. Ал белгіленген уақыт ішінде өзін жақсы көрсеткендер тұрақты жұмысқа қабылданады. Алматыда жастар тәжірибесі бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанымен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы танысып қайтты.

Қуаныш Қарабай жастар тәжірибесі бағдарламасы туралы жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінен білген. Мамандығы бойынша жұмыс істеуге ниетті жас маманның таңдауы Наурызбай ауданы әкімдігіне түсіпті. 6 ай бойы тәжірибеден өтіп, жұмыстың қыр-сырын меңгергеннен соң өзі армандағандай мемлекеттік қызметкер атанған. Айтуынша, әкімдік өкілдері оны жылы қарсы алып, әлі күнге дейін бағыт-бағдар беріп отырады.

«Осы мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын жастар тәжірибесінің барына. Алғашқы жұмыс болғандықтан алдағы тәжірибе алуға өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өз-өзіңізді көрсете алсаңыз, ары қарай мансап жасауға, көтерілуге өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан», – деді Наурызбай ауданы мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Қуаныш Қарабай.

Ал Наурызбай ауданы мелекеттік-құқықтық бөлім басшысының айтуынша, Қуаныш 20 үміткердің арасынан топ жарған. Жарты жылдық тәжірибенің арқасында жұмыстың қыр-сырын игеріп, бөлімнің бас маманы болып отыр. Бұл бағдарлама жастарға өз жолын табуға тиімді болса, жұмыс берушілерге де талантты жас мамандарды табуға таптырмас мүмкіндік дейді ол.

«Өзін жақсы көрсетті. Мен басқаратын бөлімде бүкіл құжаттармен танысып, жұмысының бәрін игеріп алды. Қазір мен басқаратын бөлімде жұмыс істеп жатыр. Нәтижесі өте жақсы, жұмысы мінсіз. Тек қана қуаныштымын», – деді Наурызбай ауданы мемлекеттік-құқықтық бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.

«Жастар тәжірибесі»  мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оған жоғары оқу орнын бітіргеніне 3 жылдан аспаған 29 жасқа дейінгі кез келген ниетті қатыса алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш, жеке куәлігіңіз бен дипломыңыздың және бар болса еңбек кітапшасының көшірмесін өткізсеңіз жеткілікті. Не болмаса Enbek.kz порталына кіріп, онлайн өтініш тастауға болады. Тәжірибеден өту мерзімі 6 ай. Осы уақыт аралығында 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 102 мың  теңге төленеді. Сәтті өткен жағдайда мамандығыңыз бойынша ресми жұмысқа қабылданасыз.

«Бұл бағдарлама жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған. Кез келген жұмыс беруші өзіне тәжірибелі қызметкер алғысы келеді. Ал 6 ай бойы үйренгені жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесі болып жазылады. Бастысы, оқуды енді бітірген жас мамандар өздерін қалыптастыруға ұмтылса екен деймін. Сонда зор мүмкіндік те толағай табыс та болады. Ал жұмыспен қамту орталығы кез келген тұрғынға бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетуге әзір», – деді Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.

Айта кету керек, бұл бағдарлама бойынша Алматы қаласында 415 мекеме 1605 жұмыс орнына мамандар қабылдауға дайын.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы