Бүгінге дейін 4 мыңнан астам науқас коронавирустан айығып шыққан
Бұған дейін қаладағы коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдаған модульді аурухана жұмысы уақытша тоқтатылды. Көпсалалы стационар жоспарлы түрде дезинфекциялық жұмыстарына жабылды. Ал, ондағы ем қабылдап жатқан науқастардың бәрі де жаңадан ашылған қалалық жұқпалы аурулар стационарына орналастырылды. Одан бөлек дәрігерлер әлеуметтік желіде «аурухана бөлмелері суық болғандықтан, бәрімізді көшіріп жатыр» деп желдей ескен хабарламаның рас-өтірігі туралы да ақпарат берді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.
Бұл 14 күнде салынған Изатима Жекенова атындағы көпсалалы модульді аурухана. Бүгінге дейін осы жерден 4 мыңнан астам науқас коронавирустан айығып шықты. 30 қарашада мұндағы ем алып жатқан 119 науқас пен 215 медицина қызметкері Түрксіб ауданында жаңадан жұмысын бастаған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына көшерілді. Басты себеп – ауруханаға дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуі. Бұл кенеттен келген ой емес дейді дәрігелер.
Изатима Жекенова атындағы бұл аурухана сәуір айынан бері тоқтаусыз жұмыс істеді. Қазір мұнда дезинфекциялық жұмыстар басталып кетті. Арнайы мамандар аурухананың әр бөлмесі мен бұрыш-бұрышына дейін тазалау жұмыстарын басты назарға алған.
Енді қалада COVID-19 жұқтырған науқастар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына қабылданады. Мұнда 500 науқасқа арнайы төсек пен ем шарасын жүргізуге қажетті барлық құрылғы, дәрі-дәрмектер толығымен жеткілікті. Ал қазіргі дезинфекция жүргізіліп жатқан бұл аурухана қосымша резерв ретінде бос тұратын болады. Науқастар саны 500-ден асқан жағдайға ғана көпсалалы модульді аурухана өз жұмысын ары қарай жалғастырады.
Бұл видео әлеуметтік желіде тез тарап, көптің талқылауына түсті. Онда көрсетілгендей, аурухана бөлмелері салқын болғандықтан, оларды басқа жаққа көшіріп жатқандығы жайында баяндалады. Алайда дәрігерлер бұл деректі -фейк деп, ақпаратты жоққ шығарды.
«Науқастарға суық болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз үнемі палата мен дәліздерде сыртта ауаның термометриясын жүргіземіз. Ол жылу эффективтілігі деп аталады. Палаталарда градус +24. Науқастар жағынан бөлмелер суық деген шағым түскен емес», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утағанова.
Бүгінде қаланың денсаулық сақтау саласы қауіпті кеселдің екінші толқынына дайын. Қауіпті індетпен күресу үшін қазір ауруханаларда 7 мыңнан астам төсек-орны дайын. Оның 250-і ауыр жағдайдағы науқастар емделетін, яғни жансақтау бөлмелері. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы екі емхананың құрылысы аяқталып пайдалануға берілмек.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы