Алматыда сервистік полиция қызметіне арналған семинар-тренинг өтті

05.11.2021 01:45

Семинарға Алматы академиясының қызметкерлері мен Полиция департаментінің өкілдері қатысты

Almaty.tv

Алматының Алатау ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сервистік тәсілді енгізу бойынша ведомствоаралық топқа арналған семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткізілді. Сервистік полицияның негізгі идеясы – азаматтардың проблемаларын жай ғана тыңдап қоймай, билік пен бұқараның арасында тұрақты диолог құру.

Айта кетейік, семинарға Алматы академиясының қызметкерлері мен қалалық Полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымынан сарапшылар қатысты. Сервистік полиция моделіне қатысты аталған шара алдағы атқарылар ауқымды істердің бастамасы болып қана қоймай, негізгі тетігі болатыны да сөзсіз.  

«Мұндай жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізіліп жатыр. Қазақстандағы ірі қалалардағы жүргізілген пилоттық жобалардың нәтижесі болашақта өзге қалаларға қолданылатын болады. Жалпы пилоттық жобаның негізгі ұстанған мақсаты сол», – деді ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы кәсіби-психологиялық даярлық және ішкі істер органдарын басқару кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлу Ибраимова.