Алматының сыбайлас жемқорлыққа құжат жобасын әзірлеуге 100-ге жуық кәсіпкер атсалысты

26.01.2022 01:58

Онда 6 бөліктен тұратын жасалуы керек міндеттер мен маңызды реформалар топтастырылған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлермен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Жиынға түрлі саладағы ірі, орта және шағын бизнес өкілдері мен мемлекеттік орган басшылары қатысты. Стратегиялық құжат алдағы бес жылға арналған. Айта кетсек, құжатты талқылап, ұсыныс енгізу былтыр қазан айында басталған болатын. Оған 100-ге жуық кәсіпкер атсалысыпты. Бүгін тұжырымдаманың мазмұны оқылып, бағыттары белгілі болды. Онда 6 бөліктен тұратын жасалуы керек міндеттер мен маңызды реформалар топтастырылған.

«Оның ішіне тұрмыста кездесетін жемқорлыққа, мемлекеттік сатып алуларға, бюджеттік процестердің жабықтығына, бизнес саласындағы және азаматтық ортадағы жемқорлықты болдырмауға қатысты механизмдер енгізілді. Параны беретін және алатын тұлғалар жауапкершілікті бірдей сезінуі керек. Сондай-ақ тұжырымдама адал бизнесті дамытуға басымдық береді», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Таумұрат.

Осы ретте қала әкімі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлік қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, маңызды құжатты бекіту үшін пікірталас алаңдары құрылатынын айтты. Жаңа тұжырымдаманы талқылау қалалық газеттер мен «Алматы» арнасында жүзеге асырылмақ. Оған мемлекеттік қызметкерлер мен бизнесмендер тартылады. Кездесу барысында кәсіпкерлер тұжырымдамаға енгізілуі керек ұсыныс, тілектерін ортаға салды.

«Мемлекеттік тапсырысқа қатысты өз ұсынысымды білдірдім. Қазір «бармақ басты, көз қыстылық» осы салада өршіп тұр. Мәселен, біз сияқты 25 жылдан бері еңбек ететін ірі компаниялар мен әлеуметтік шағын ұйымдар тендерге түскен кезде, басымдық соларға беріліп кетеді. Мен оған, әрине, қарсы емеспін. Бірақ тендерді ұтып алған ұйымның тапсырысты орындауға қауқары қаншалықты жететінін анықтайтын механизм жасалуы керек», ‑ дейді кәсіпкер Мақсұт Омарбаев