Алматыда үйін көгілдір отынмен жылытып отырған жеке сектордың үлесі 99 пайызға жетті

07.11.2020 02:00

Қалада табиғи газ кіргізуге мүмкіндігі жоқ 92 жанұя болған

inbusiness.kz

Алматыда үйін көгілдір отынмен жылытып отырған жеке сектордың үлесі 99 пайызға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін кейбір отбасылар тұрмыс жағдайы төмен болғандықтан, бұл мәселені кейінге қалдырып жүрген еді. Әсіресе, көп балалы жанұяларға көмек көрсету үшін, былтыр қала басшылығы игі бастама көтеріп, әлеуметтік жағынан осал бірқатар азаматтарға газды тегін қосып берген еді. Бүгін де осы тәжірибе жалғасын тауып, 58 отбасы көгілдір отынға қол жеткізді.

Қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы  жүргізген мониторинг нәтижесінде 1848 тұрғын үйдің орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмағаны анықталды.  Бұл қаладағы тұрғын үйлердің бір пайызын ғана құрайды. Мамандардың айтуынша, қалған бөлігі толықтай газбен қамтылған.

«Біз мониторинг барысында Бостандық, Наурызбай және Алатау аудандарындағы халықтың әлеуметтік осал тобын анықтадық. Бұл тұрғындардың басым бөлігінде жер мен үйдің құжаттары жоқ немесе дұрыс рәсімделмеген. Оларды газбен қамту үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы бөлімінің бас маманы Уәли Бекдос.

Қалада табиғи газ кіргізуге мүмкіндігі жоқ 92 жанұя болған. Басым бөлігі көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған және асыраушысынан айырылғандар. Оларға жергілікті әкімдік тегін газ тартқан. Ал жауапты мамандар мұндай қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табады деп сендірді.

Мұрат көшесінде орналасқан мына үйге жақында ғана көгілдір отын кіргізілді. Мұнда тұратын отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты әкімдік өкілдері газ құбырларын тегін орнатып берген. Енді көпбалалы Усмановтар отбасы алдағы қыс маусымына толықтай дайын.

«Мен жазда әкімдікке барып көмек сұрадым, өйткені газ кіргізе алмадық. Рахмет әкімдікке. Бізге газ кіргізіп берді. Қазір үй жылы. Балдарым ыстықта отыр», – деді қала тұрғыны Сивара Усманова.

Бостандық ауданында 6 мыңнан аса жеке сектордағы үй бар. Биылғы жылы 109 үй орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Ал қалған 158-ін көгілдір отынға қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.  

«Ауданымыз бойынша көпбалалы аналар жағдайы төмен отбасылар санатына жататын 6 үйге табиғи газ құбыры жүргізіліп, қазіргі таңда жылу берілді. Аталған бағытта жұмыстарымыз жалғастырылуда. Сонымен қатар, жақын арада ауданымыздың бір тұрғыны бізге жүгінді. Аталған кісінің үйіне газ қосу мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда», – деді Бостандық ауданы тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.

Ал баспанасына газ кіргізуге мүмкіндігі жоқ қала тұрғыны үшін HalykBank-те 1,5 жылға дейінгі 0 пайыздық несие қарастырылған. Бір жеке тұлға үшін берілетін қарыз сомасы 309 000 теңгеден аспайды.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы