«Менің Алматым» акциясы: тұрғындар мегаполисті жақсарту туралы өз ойын ортаға салды

29.05.2021 03:40

Жастар ресурстық орталығы қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Менің Алматым» акциясын қолға алды

Бүгін мыңдаған алматылық мегаполисті жақсарту туралы өз ойын ортаға салды. Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері «Менің Алматым» акциясы аясында саябақтар мен жоғарғы оқу орындарында, сондай-ақ сауда орталықтарында тұрғындардан сауалнама алды. Шаһар жұртының ең үздік идеялары қалай іске асады? Олар қаланы жақсарту туралы талап-тілегін қайда жолдай алады? Әріптесім Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында.

Жастар ресурстық орталығы қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Менің Алматым» акциясын қолға алды. Жоба мегаполисті абаттандыру, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік, инновациялық, экономикалық дамытуға бағытталған. Еріктілер 3 күн ішінде барлық аудан бойынша 8 мыңнан аса тұрғынға сауалнама жүргізбек. Басымдық, әсіресе, 14-29 жас аралығындағы азаматтарға беріледі.

«Қазіргі таңда біз онлайн форматта да өткізіп жатырмыз. Университеттерге, колледждерге, мектептерге жіберіп жатырмыз жастар толтырсын деп. Немесе олар біздің Instagram парақшамызға кіріп, сол жақта Google формада сауалнама толтырса болады», – деді қалалық Жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Әділ Нұрпейісов.

Алмалы ауданының тұрғыны Жанұзақ Қуаныш та қаланы цифрландыру және көгалдандыру бойынша ұсынысын айтты. Студенттің айтуы бойынша, қоғамдық орындардағы тегін интернет желісі алматылықтардың өмірін едәуір жеңілдететін еді. Сондай-ақ, қаладағы жасыл-желектің үлесін арттыру керек деген пікірде.

Оқиға болған жерден:

- Біздің қалада не өзгергенін қалайсыз?

-  Ағаштар егу, әртүрлі өсімдіктерді егіп, ауаны тазарту жұмыстарын көбірек жүргізсе, бұл тұрғындар үшін өте пайдалы нәрсе деген ойдамын.

Сауалнама карантин талаптарын сақтай отырып, қаланың жастар көп жиналатын жерлерде жүргізілуде. Бүгін еріктілер бірқатар жоғарғы оқу орны мен сауда орталығына, сондай-ақ Арбатқа және 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябаққа барды. Бір ғана Әуезов ауданы бойынша сауалнама жүргізуге 10 шақты ерікті тартылған.  

«Автотұрақ керек деп айтады ғой, мысалы. Жастардың өз қалауы. Мүмкін, олардың идеясы бар, егер мынандай жасасақ, қала жақсырақ дамиды, ауданымыз жақсырақ дамиды деген. Соны осы қағазға жазып аламыз, сосын бірден әкімдікке жібереміз», – деді Әуезов ауданы Жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Дархан Батырша.

Акция аяқталған соң сауалнама нәтижесі қалалық Қоғамдық даму басқармасына жіберіліп, шаһарды дамыту бойынша ұсыныстар іріктеледі. Ең үздік идеялар жоба ретінде тиісті басқармалар мен әкімдіктерге тапсырылады.

Сымбат Ноғай, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы