Алматыда қала күніне орай жарияланған байқаудың жеңімпазына 5 млн теңге табысталады

07.09.2021 02:17

ШаҺарда бюджетке қатысу жобасына өтінім қабылдау науқаны жалғасып жатыр

chisteam.ru

Алматыда  қала күніне орай «Аула аумағын үздік көгалдандыру – 2021» байқауы жарияланды. Бас жүлде 5 миллион теңге. Одан бөлек, шаҺарда бюджетке қатысу жобасына өтінім қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Жобаның ерекшелігі неде? Былтырғы жылғы жоспарлар қаншалықты жүзеге асырылды? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.

Бұл аула – бюджетке қатысу жобасының тұрғындарға сыйлаған игілігі. Көріп тұрғанымыздай, мұнда көзайым болған балалардың қарасы қалың. Мұнда тіпті кіп-кішкентай бөбектерге де бар жағдай жасалған. Ал, ауланың қаншалықты жап-жаңа екенін мұнда тіпті алынып үлгермеген жапсырмалардан байқауға болады.

Айбек Көккөзов – Айнабұлақ ықшам ауданының тұрғыны. Айтуынша, осыған дейін аулада еш жағдай жасалмаған еді. Қазір бәрі заманауи талапқа сай жабдықталып, қауіпсіздік ережелері сақталған. Бүгінде халықтың жасаған таңдауы кез келген саябақтан кем түспейді.

«Кішкентай балаларға күшті болды. Жақсы. Күнде шығып ойнатамыз балаларды. Балаларға ыңғайлы, домның қасында. Жақсы», – деді қала тұрғыны Айбек Көккөзов.

Бюджетке қатысу жобасының ерекшелігі – қаражаттың қандай бастамаға бағытталуын халықтың өзі таңдайтындығында. Жыл сайын Алматының әр ауданына абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 800 миллион теңгеден бөлінеді. Мәселен, былтыр Жетісу ауданында 18 жоба іске асырылып, 785 миллион теңге игерілген. Мұның игілігін аудан тұрғындары көріп отыр.

Шаһарда қала күніне орай «Аула аумағын үздік көгалдандыру – 2021» байқауы жарияланды. Жеңімпазға ауланы көркейтуге қажетті құрал-сайман, өсімдіктер сатып алуға 5 миллион теңге көлемінде сертификат табысталады. Байқауға тұрғындар, меншік иесі ұйымдары мен пәтер иелері кооперативтері қатыса алады. Ол үшін www.ecovid.kz сайтында тіркеуден өтіп, өтініш қалдыру керек. Марапаттау салтанаты қала күні, қарсаңында өтеді.

«Аулаларды қатысуға, яғни әрбір коопратив иелері, я болмаса ОСИ дейді. Әрбір тұрғын қатыса алады өзінің ауласы бойынша. Бұның ең бірінші мақсаты –  ауланы күтіп ұстау, жасылдандыру, сонымен қатар ауланы жасылдандыру сияқты жұмыстарды жақсарту үшін осыған бағытталған мақсат негізгі», – деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуаныш Сейтімбетов.

Бюджетке қатысу жобасына өтінім қабылдау 1 қазанға дейін жалғаспақ. Қызықты ұсыныстарға өтінімді budget.open-almaty.kz. порталы арқылы тастауға болады. Айта кетейік, 23 тамыздан бері 36 өтінім келіп түскен.

Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы