Алматыда биыл жыл соңына дейін 360 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жасалады. Бұл туралы қазір ғана тікелей эфирде өткен «Алматы 2021: Жол инфрақұрылымын дамыту» атты онлайн-таныстырылымында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келесі жылға дейін ұзындығы 227 шақырым 225 көшенің жол жабынын жөндеу жоспарланған. Ал, Думан шағынауданындағы 53 көшеде жол жабынына күрделі жөндеу жүруде. Сондай-ақ, шеткі Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарында 415 көше салынып жатыр. Онымен қоса, қаңтар-маусым айларында жалпы ауданы 186 мың шаршы метр болатын жол бөліктерінде шұңқырлар жөнделген. Айта кетейік, мегаполисте күніне 700 мыңдай көлік қозғалады. Ал жалпы жолдың ұзындығы 3 мың шақырымнан асады.
«Жалпы жолдардың ұзыныдығы 3097 километр болса, осы тәуелсіздік жылдары қалада 34 жолайрығы салынды. Жолайрықтарында көліктердің жүріс-тұрысын жақсы қалыпқа келтіруге 145 көпірленген тоннелдер салынды. 140 жүргіншілерге арналған жолдың үстінен және жол асты өткелдері іске қосылды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Былтыр жөндеу-құрылыс жұмыстары жолдардың 260 шақырымында жүргізіліпті. Атап айтқанда, 324 көше орташа жөндеуден өтіп, 8 шағынаудан бойынша жалпы ұзындығы 43 шақырымдай болатын жол салынған. 90 шақырымға жуық тротуар мен 41 аялдама алаңы жөнделіп, жайластырылды.
«Жолайрықтарындағы жұмыстармыз ары қарай жалғасын тапты. Бұқтарма-Көлжен, Құлжа трактында, Сейфуллин-Жансүгіров көшелерінің қиылысында және Рысқұлов-Емцов қиылысындағы жұмыстар ары қарай жалғасты. Абай-Саин, Алатау көшелері, соңғы кезде Алатау деген ат беріліп, Наурызбай ауданының әкімдігінің қасынан өтетін үлкен көше, проспект сияқты. Осы жерлердегі жұмыстар жалғасын тапты», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.