Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтініш қабылдау уақытының аяқталуына бір жарым күн қалды. Сондықтан құжат тапсырып үлгермегендер үшін әлі де уақыт бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде бас-аяғы 650-ге жуық идея келіп түскен. Ал биыл конкурсқа қомақты қаржыдан бөлек қатысу біршама жеңілдетілген. Осы жылы қаланың әрбір ауданына 800 миллион теңгеден беріледі. Демек, әр тұрғын өз ойын жүзеге асырып, ауласын көркейтуге үлес қоса алады.
«Бюджетке қатысу» – бұл алматылықтарға бюджет қаражаты есебінен аула алаңдарын жақсартып, жаңа гүлзарлар салуға мүмкіндік беретін жоба. Осылайша, тұрғындар ауданның, көшенің, ауланың келбетін жақсартуға өз үлесін қоса алады. Ол үшін өтінімді осы жылдың 20 қазанына дейін жіберіп үлгеру қажет.
Мамандар бүгінде біршама қызықты өтінімдер алғандарын айтады. Сөздерінше, ең көп ұсыныс Алмалы ауданының тұрғындарынан келіпті. Олар биыл ерекше белсенді дейді ұйымдастырушылар.
«Қала тұрғындары ауланы көріктендіруді, қоғамдық орындарды көркейтуді сұрайды. Мәселен, Медеу ауданынан қызықты ұсыныстар түсті. Олар бізде иттерді қыдыртудың жолын айтты. Біразы скутер, электровелосипед секілді мобильді көлік құралдарын қуаттандыратын орынның қажет екенін жеткізді. Халыққа айтарым, сіздер де мұндай керемет мүмкіндіктен қапы қалмаңыз. Өйткені дәл сіздің идеяңыз көптің өмірін жеңілдетуі мүмкін. Өтінімдер 20 қазан күні түнгі сағат 23:59-да аяқталады», – деді Алматы қаласын дамыту орталығының департамент директоры Әлия Жақсылықова.
Былтыр «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасына өтініш тастап, биыл шарапатын көрген алматылықтар мұндай бастамаға дән риза. Өйткені нәтижесі көзге көрінген жобаның қызығын көріп жүр. Оның үстіне биыл конкурсқа қатысып үлгеруі үшін уақыты созылды. Былтыр әркім өзі ұсынған идеяның жобалық сметалық құжатын жасату керек болған. Биыл тек көздеген дүниесінің кескінін салса жеткілікті. Оның үстіне бұл жолы жеңіске жететін мүмкіндік мол. Себебі былтырғыға қарағанда қаржы көбірек бөлінген. Ал биыл қолданысқа берілген жобалардың игілігін көрген тұрғындар қуанышты.
БЛИЦ:
– Иә, келіп тұрамын. Күнде келіп тұрамын. Кешке балалармен келемін. Мына жер бізге ұнайды.
– Вышли первый день погулять. Большое, правда, спасибо за такую красоту. Здесь было, во-первых, настолько не благоустроено. «Бюджетке қатысу» жобасының ұйымдастырушылары енді халықты өздері ұсынған идеяға белсенді дауыс беруге шақырады. Іріктелген жобаларға 5 қарашадан 23 қарашаға дейін дауыс беруге болады. Айта кету керек, енді дауысты электронды цифрлық қолтаңбасыз-ақ беруге болады.
Жадыра Омаржан, «Алматы» арнасы