«Жаңа Алматы» кешенді жоспарының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы бір-екі жылда жаңа шағын аудандардағы электр, су, жаңа жол, жарық мәселелерін шешеді
Алматыда 500 мыңға жуық тұтынушы сапалы электр қуатымен қамтылады. Қазір Бостандық және Наурызбай аудандарында жаңа қосалқы электр станциялары салынып жатыр. Онда жасалып жатқан шаруаларды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып тексеріп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қалада бой көтеріп жатқан жаңа электр стансаларының құрылысы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жіті бақылауында. Бұл жолы мегаполис басшысы Бостандық ауданындағы «Алмагүл» электр бекетін көріп, нысанның жыл соңына дейін іске қосылуына барынша күш салуды тапсырды. Жоба қазір 55 пайызға дайын.
«Мен қосалқы станция салынғанын қалаймын. Себебі бізде жиі жарық өшеді, интернет, су желістерінің бәрі өшеді. Сол үшін бізге жылдамырақ бітіріп бергенін қалаймыз», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Жұмағали Әбдірақов.
Стансаға қаланың оңтүстік бөлігіне қоныс тепкен тұрғын үйлер мен 11 білім беру нысаны қосылады. Осылайша 200 мыңнан астам тұтынушы сапалы әрі үздіксіз қуат көзімен қамтылады. Нысанда қазір 200 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Олардың тең жартысы Жұмыспен қамту орталығынан тартылған.
«Бізде жарыққа байланысты көп мәселелер туындайтын. Қосалқы станция құрылысы басталғаны бізге қуаныпты жаңалық болды. Тезірек салынып, жарыққа байланысты мәселелірміз шешілсе екен», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Сергей Веденяпин.
Осы сияқты тағы бір қосалқы электр стансасы Хан Тәңірі ықшам аудынында да салынып жатыр. «Каскад» электр бекеті биыл жыл соңында пайдалануға берілмек. Нысан іске қосылғаннан кейін жарыққа қатысты апатты жағдайлар 5 пайызға төмендейді. Бүгінгі қолданыстағы электр желілерінің қуаттылығы 35 мегават болса, енді оларды 64 мегаватқа ауыстыруға мүмкіндік туады. Сәйкесінше бұл жарықтың сапасына айтарлықтай оң әсер етеді.
«110 киловаттық «Каскад» қосалқы станциясына 250 мың тұтынушы қосылады. Бұл Алатау, Нұрлытау, Ерменсай сияқты шағын аудандармен қатар Алматы облысына енетін бірқатар елді мекендерді жарықпен қамту мәселесін шешеді», – деді құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары Александр Морев.
Сонымен қатар, Алматы әкімі Наурызбай ауданындағы су қабылдайтын құрылым мен су тазарту стансасының жұмысымен танысты. Жыл соңында қолданысқа берілетін нысан аудандағы 50 мың тұрғынның ауызсуға деген сұранысын толығымен жабады. Айта кеткен жөн, Бақытжан Сағынтаев өмірлік маңызы бар нысандарды салатын мердігерлердің жұмысын қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Егер жұмыстар дұрыс орындалмаса келісім шарт бұзылып, жауапсыз мердігер қара тізімге енгізіледі.
«Жаңа Алматы» кешенді жоспарының аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы бір-екі жылда жаңа шағын аудандардағы электр, су, жаңа жол, жарық мәселелерін шешеді.
Назкен Еркін, АЙдана НҰраш, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы