Жалпы форумға Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің өкілдері қатысып цифрландыру саласына қатысты 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларымен бөлісті
Сарапшылардың бағамдауынша биыл жасанды зердені дамытуға арналған технологиялық және бағдарламалық шешімдер нарығы 35 пайызға өседі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі түрде өтетін Digital Almaty форумында видеобайланыс арқылы мәлімдеді. Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің өкілдері бүгін пандемия кезінде цифрландыру саласындағы мәселелерді талқылады. Бұл ретте Алматы қаласы коронавирустық инфекцияға қарсы әрекет ету үшін 15 жобаны іске асырған. Халықаралық форумда тағы нендей мәселелер қаралды? Қазақстанда алдағы уақытта қандай сандық жүйелерге көңіл бөлінбек? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркіннің бейнематериалында.
Цифрлық қайта жаңғыру: Жаңа жағдайға серпіліс. Бүгін халықаралық сарапшылар мен әлемнің ірі ІТ-компанияларының өкілдері цифрландыру саласында пандемия салдарынан пайда болған соңғы трендтер мен алда дамуы керек салаларды талқылады. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына бейнеүндеу жасап, елде цифрландыру бойынша атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды. Сөзінше дағдарыс кезінде 6 жарым миллионнан астам адам мемлекеттен цифрлық жүйе арқылы қолдау тапқан. Ал 15 миллионнан астам азамат сымсыз интернетті пайдаланған. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі назар ақылды экожүйе құруға бағытталатынын атады.
«Сондай-ақ күннен күнге өсіп жатқан ақпараттың көлемін бағамдау үшін деректерді өңдеу орталықтары құрылып жатыр. Алдағы 5 жыл ішінде осы бағытқа шамамен 500 млрд теңгені немесе 1 млрдтан астам доллар инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге осы жылы салық саласына блок-чейн технологияларын енгізуді бастадық», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түрлі салада болатын қатерлерді алдын ала болжауға болатын модельдерді жасанды зерде технологиясы арқылы ойлап табуға мән берілмек. Ол үшін ақпараттарды сараптау және өңдеу орталықтары құрылатын болады.
«Пандемия өмірімізді түбегейлі өзгертті. Осы тұста цифрландыру өмір сүру сапасы мен елдің кірісінің тоқтап қалмауына ықпал жасады. Біз биыл сандық жүйелер экономикасында үздік нәтижелерге жетіп отырмыз. Әлемдік қаржы институттардың мәліметінше ІТ-технологияларға кеткен шығын көлемі 3, 9 триллион доллардан асты», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.
Бұдан бөлек Премьер-Министр биыл 20 мың шақырым оптикалық талшықты байланыс желілері, мың мобильді байланыстың базалық станциялары орнатылғанын айтты. Пандемия ауылдық жерлерге де өз әсерін тигізгені белгілі.
«Осы 2020 жылы 250-ден тұрғыны көп ауылдардың барлықтарына біз 4G жүйесінің интернетін тарттық. Және де қазір мемлекеттің тағы да министрлікпен жұмыс жасап жатырмыз. Әрі қарай 250-ден төмен ауылдар бар, сол ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге жұмыс жасап жатырмыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ департамент директоры Әмірәли Сейілов.
Ал, Алматы қаласы биыл жасанды интеллект қолданылатын денсаулық сақтау және білім беру салаларына бағытталған екі жобаны таныстырды. Ұсынылған жобалар онкологиялық аурулар мен ишемиялық инсультты диагностикалауға мүмкіндік береді. Жалпы биыл шаһарда COVID-19-ға байланысты 15 жоба іске жасалған.
«Ал білім саласы бойынша қазір фокусты креативті сандық индустрия саласына қойып отырмыз. Біз үшін жас таланттарға дұрыс жағдай жасай алу маңызды. Олар үшін бірыңғай байланыс алаңын құрамыз. Басты мақсаты қаладағы барлық әсіресе техникалық жоғары оқу орындарын бір алаңға біріктірмекпіз», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Сонымен қатар форумда Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған электронды үкімет деңгейін дамыту рейтингісі бойынша еліміз 193 мемлекеттің арасынан 29-шы орынды иеленгендігі айтылды. Бүгінде елдегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан көбі электронды форматта көрсетіледі. Сондай-ақ биыл онлайн сауда үлесі 3 есеге артып, қолма қолсыз төлем жасау операциялары да көбейген.
Жалпы форумға Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің өкілдері қатысып цифрландыру саласына қатысты 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларымен бөлісті. Пленарлық сессиядан кейін форум оннан астам панельдік сессиямен жалғасты. Шараның басым бөлігі биыл онлайн форматта өтті.
Назкен Еркін, Рашид Шүкірәлиев, Ғани Қалуов«Алматы» телеарнасы