Мониторинг барысында дүкен қызметкерлерінің қолғапсыз жұмыс жасағандары да белгілі болды
Алматыда дүкендердегі жеңілдіккке қызыққан тұрғындар карантин ережелерін елемеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әуезов ауданында жасалған рейдте көпшіліктің иін тіресе кезек күтіп тұрғаны анықталды. Алайда, арақашықтық сақталмаған. Ал, келушілердің өзі демалыс күндері базар аралай алмағандықтан, осылай кезекке тұруға мәжбүрміз дейді.
БЛИЦ:
– Сенбі-жексенбі жабық болды, сол үшін адам көп. Енді күтіп тұрмыз 1 сағат болды.
– Келуімнің себебі бұл дүкеннің жарнамасы өте жақсы және акциялар жиі болып тұрады. Инстаграмнан көреміз, акциялар өте жақсы, төмен бағада барлығы.
– Бүгін киім алуға келіп тұрмын әйеліммен бірге. 1,5 сағат болды кезекті тұрғанымызға. Сол кезектің жылжуына байланысты.
Мониторинг барысында дүкен қызметкерлерінің қолғапсыз жұмыс жасағандары да белгілі болды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде дезинфекциялау шаралары жүргізілмейді. Санитариялық нормаларды қалпына келтіру үшін дүкенді уақытша жабуға тура келді.
«Адамның көптігінен қазіргі таңда осындай ажиотаж туындап отыр. Біздің тарапымыздан түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жекекәсіпкерге басқармаға шақырту берілді», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының бас маманы Мөлдір Төреханқызы.