Тұрғындардан түскен шағым: Алматының Медеу ауданындағы мобилді топ карантин талаптарын бұзған дәріхананы анықтады

09.07.2020 03:28

Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда

almaty.tv

Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары жалғасуда. Медеу ауданында орналасқан дәріханалардың біреуі туралы тұрғындардан сенім телефоны арқылы шағым түскен. Олар карантин талаптарының дұрыс сақталмайтынын хабарлады. Оқиға орнына тексерушілермен бірге біздің түсіру тобымыз да аттанған еді. Almaty.tv тілшісі Сая Мендеке жалғастырсын.

Тұрғындардан түскен шағымды тексеруге Медеу ауданының мобилді тобы шықты. Көп ұзамай шұғыл ақпарат расталып, аталмыш дәріханада көптеген олқылықтар анықталды. Мұнда арақашықтықты сақтау былай тұрсын, кіреберісте тіпті, дезинфекциялық құрал да орнатылмаған екен.

Оқиға болған жерден:

–  Бізге желі бойынша сіздерге шағым түсті. Адамдар арасындағы  арақашықтық сақталмайды. Кірген кезде қолын тазалау керек. Кіреберісте антисептик жоқ.  

Одан бөлек, күнделікті журналдағы жазбалар да дұрыс толтырылмапты. Мысалы, бетпердені ауыстырып тұратын уақытты дәптерге алдын-ала жазып қойған.  

Оқиға болған жерден:

– Сағат 16:00 болды. Сіз 16:55 деп жазып қойғансыз. 19:55 деп, 00:55 деп жазып қойғансыз. Оның қасына қолыңызды қойып қойғансыз. Сағат әлі 16:55 болған жоқ.

Бұл жолы, санитарлық талаптарды сақтамайтын дәріхана  өкілдеріне қатаң ескерту жасалды. Жағдай қайталанса сауда нүктесі жабылатын болады.

Оқиға болған жерден:

– Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Алматы қаласы бойынша 46-қаулысы шықты. 5 шілдеден бастап шықты. Соған сәйкес сіздер барлық талаптарды сақтау керексіздер.

Бұдан кейін тексеруші топ аудандағы басқа да шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына бас сұқты. Бірақ арасында мінсіз жұмыс істейтін бірде-бір орын табылмады.  

«Бірталай заң бұзушылық болды. Адамдардың дене қызуын өлшеп жатқан жоқ. Көбіне көп уақыт киетін маскалар тағады қызметкерлер, олар уақытылы залалсыздандырып жатқан жоқ. Медеу ауданы бойынша кәсіпкерлерге түсініктеме жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді  Медеу ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Бисара Ахметова.

Сауда нүктесінің меңгерушісі болса, жұмысқа кіріспес бұрын барлық қызметкерлер сақтық шараларын ұстану қажеттігі туралы ақпараттандырылады деп сендірді.  

Оқиға болған жерден:

–  Күнделікті таңертең осы жердің әкімшісі келіп, барлық ережелерді түсіндіріп, тәртіп сақтау керек екенін ескертіп кетеді.

Бүгінде осындай тексерулер қаланың барлық аудандарында жүргізіліп жатыр. Пандемия кезінде санитарлық талаптарды өрескел бұзған нысандардың есіктеріне қара құлып салынды.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы