2020 жылы жұмыссыздар санын азайту мақсатында 1705 мемлекеттік грант бөлінген
Алматыда карантинге қарамастан бір жыл ішінде 888 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы жұмыспен қамтылды. Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, 2020 жылы жұмыссыздар санын азайту мақсатында 1705 мемлекеттік грант бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалар негізінде шаһардағы 500-ден астам жастар жұмысқа орналасып, қаланың экономикалық ахуалы біршама жақсарған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Елдегі карантин жағдайында көптеген мекемелер жұмысын тоқтатып, азаматтар жұмыссыз қалғандықтан, қала әкімдігі жағдайды бірден қолға алды. 1 жыл ішінде «Жұмыспен қамту» орталығына жүгінген 49 мыңға жуық азамат «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында еңбекпен қамтылыпты. Нарықтағы жұмысқа сұраныс көбейгендіктен, шаһарда тағы 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылған. Жалпы жыл соңына дейінӘлеуметтік әл-ауқат басқармасы қаладағы 15 мың адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
«63 мың 867 адам бізге келіп, өзінің құжаттарын өткізді. Соның ішінде 40 мыңнан астам, яғни 41 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бізде 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде 9 мыңға жуық адам осы «Жұмыспен қамту» орталығында тіркеуде тұрған азаматтар болатын», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Ал, тіршілігі қайнап жатқан мегаполисте жұмыссыздықпен күресу үшін мемлекеттік бюджеттен 947 мың 298 теңге бөлген. «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 895 азамат оқудан өтіп, өз кәсібін бастады. Сондай-ақ, 8 ауданда қарқынды жұмыс жасап жатқан «Бақытты отбасы» орталықтары 888 көпбалалы және аз қамтылған отбасының жұмысты болуына септескен.
Былтыр қыркүйек айында ашылған бақытты отбасы орталықтары қазіргі уақытта қаладағы 164 көпбалалы отбасын еңбекпен қамтып отыр. Елдегі пандемия жағдайында табыссыз қалған аналар «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында аса қажетті мамандықтарды игеріп, 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болған. Мәселен, мына Медеу ауданындағы «Іскер ана» орталығында 40-қа жуық ана түрлі медициналық бетперделер мен киімдер тігіп, отбасыларын асырауда.
4 баланың анасы Айгүл Дүйсенбаева «Іскер ана» бағдарламасының қолдауымен қазір сүйікті ісімен айналысады. Іскер әйелдің сөзінше, мемлекет тек қана жұмысқа орналасуға емес, сондай-ақ, кәсібін дамытуға мүмкіндік беріп, мекемені жалға алуға да көмектескен.
«Біз бірінші «Бақытты отбасына» келдік алғаш ашылған кезде. Осы жерде бізге «Бизнес бастау» бағдарламасын оқыңдар деген соң, барып оқыдық. Ал, алдағы уақыттағы арманымыз – кішкене цех ашып, осылай тігінмен айналыссақ дейміз», – деді көпбалалы ана Айгүл Дүйсенбаева.
Бүгінде 563 жас маман мен 17 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты еңбекпен қамтылған. Ал, «Бақытты отбасы» орталықтарында жұмыс істейтін 1991 қызметкердің кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында арнайы курстар ашылған. Мамандардың пікірінше, әр ауданда қызмет түрі тұрғындар сұранысына байланысты ұсынылады.
«Осындай қысқа мерзім ішінде карантин режиміне қарамастан, әйелдер мен балалар онлайн түрде қызмет ала алды. Нақтырақ айтсақ, 34 мың адам онлайн оқыды. Әсіресе, шаштараз, тігін, наубайшылық мамандықтарына қызығушылық көп болды. Ал, балаларға шахмат, сурет салу, компьютерлік сауаттылық және вокал секілді курстар болды. Қазіргі уақытта 8 ауданда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылды», – деді қалалық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Зүлфия Байсақова.
Сондай-ақ, «Тең қоғам», «Шыңға өрлеу» секілді жаңа бағдарламалар да іске қосылып, қаланың ахуалын көтеруде. Ал, алдағы уақытта шаһар тұрғындарына арналған бірыңғай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бой көтермек. Онда алматылықтар үшін түрлі қызметті бір жерден алуға мүмкіндік туады.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы