Алматы әкімі Алматы және Бейжің қалаларын дамытудағы жаңа тәсілдердің полиорталықтық даму бөлігіндегі ұқсастығын атап өтті
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Бейжің қалалық жоспарлау орталығына - қазіргі заманғы қала құрылысы және қаланы дамыту қағидаттарын көрсететін бірегей мекемеге барды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Ерболат Досаев экология, қала құрылысы мәселелерімен, Бейжіңнің 2016-2035 жылдарға арналған Бас жоспарының қалалық аумақтарды игеруге және оларды бірыңғай агломерацияға интеграциялауға жүйелі көзқарасты көрсететін негізгі аспектілерімен танысты.
Алматы әкімі Алматы және Бейжің қалаларын дамытудағы жаңа тәсілдердің полиорталықтық даму бөлігіндегі ұқсастығын атап өтті. Қытай астанасында полиорталықтар New Town деп аталады. Мұндай тәсілдер ыңғайлы тұруды, инфрақұрылымды теңгерімді дамытуды және экологиялық тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз ете отырып, жүктемені орталық, аудандар және агломерация арасында бөлуге мүмкіндік береді.
«Бейжіңдегі қала құрылысы орталығы жай ғана көрме емес, бұл жаһандық үдерістерге сай қаланың қалай дамитыны туралы жанды көрініс. Біз қаламыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, үздік тәжірибелер мен идеяларды Алматыда қолдануға мүдделіміз», - деп атап өтті Ерболат Досаев.