Серіктестік аясында Inspur Group Алматыда бірқатар бастаманы жүзеге асыруды жоспарлап отыр
ҚХР-на жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев бұлтты есептеулер, үлкен деректер және интеллектуалды шешімдер әзірлеуде жетекші қытайлық Inspur Group компаниясының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келіссөз барысында тараптар қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, озық ІТ-шешімдерді енгізу және көлік жүйесін интеллектуалды басқару саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Серіктестік аясында Inspur Group Алматыда бірқатар бастаманы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көлікті басқару бойынша командалық орталық құру, серверлік жабдықтар мен цифрлық шешімдерді жеткізу, Алматыда зияткерлік көлік жүйесін (ITS) енгізу – бұл қаладағы жол қозғалысын үйлестіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұған қоса, компания Алматыда көлік технологияларын дамыту, төтенше жағдайларға әрекет ету, су ресурстарын қорғау, денсаулық сақтау және зияткерлік терминалдар саласындағы шешімдерді әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруда.
Кездесу соңында тараптар қалалық қызметтердің сапасын арттыру және Алматыдағы көлік легін басқаруды жақсарту мақсатында ынтымақтастық пен серіктестікті одан әрі дамыту жөнінде келісімге келді.
Анықтама:
Inspur Group – серверлік жабдықтар, бұлтты платформалар және бағдарламалық шешімдер жеткізетін әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Ол Қытайдың ішкі нарығының 40%-ын қамтиды және 120-дан астам елде «ақылды қалалар», қозғалысты басқару, салықтық бақылау және цифрлық білім беру технологияларын әзірлеуге қатысады. Бүгінде Inspur жабдықтарын жеткізетін екі компания Қазақстанда жұмыс істейді. Орталық Азия аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған сервистік орталық ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, LED/LCD дисплейлер, зарядтау бекеттері және басқа да технологиялық шешімдер шығаратын зауыт салу үшін жергілікті серіктестермен бірлесіп жұмыс істеу көзделіп отыр.