Алматы тұрғындары ел бойынша ең ұзақ өмір сүреді - министр

23.12.2024 21:17

Іс-сапар аясында Денсаулық сақтау министрі қаладаға бірнеше ірі медициналық мекемелерді аралады

Алматы халықтың өмір сүру ұзақтығы ең жоғары қалалар арасында көш бастап тұр. Бұл туралы мегаполиске жұмыс сапары барысында келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Іс-сапар аясында Денсаулық сақтау министрі қаладаға бірнеше ірі медициналық мекемелерді аралап, қызметтердің сапасын арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.

Сондай-ақ министрмен кездесу барысында патронаждық қызметтің тиімділігі мен үй жағдайындағы медициналық көмектің маңыздылығы сөз болды. Ақмарал Әлназарова барлық мекемелерде осы тәжірибені үйлестіретін бірыңғай ресурстық орталық құру қажет екенін атап өтті. Кейіннен ведомство басшысы жұртшылықпен кездесу өткізіп, ана мен бала денсаулығын сақтау, ауыр жағдайдағы науқастардың жай-күйіне қатысты мәселелерді талқылады. Министрдің айтуынша, қалада соңғы жылдары медициналық қызмет көрсету мен дәрі-дәрмекпен қамту үрдісі едәуір артқан.

"Дәрімен қамту мәселесін шешу барысында мемлекеттен және қаланың бюджетінен қаражат бөлініп, науқастар қажетті препараттармен қамтылып жатыр. Сондай-ақ Алматы өмір сүру ұзақтығы бойынша елде бірінші орында. Көрсеткіш орташа есеппен 78 жасты құрайды. Айта кетейік, мегаполисте ана өлімі көрсеткіші 2 есеге дейін төмендеді", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ ведомство басшысы денсаулық сақтау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге тоқталды. Жиында келер жылы ауыл-аймақта халықты емдейтін мекемелер саны артатыны да мәлім болды.

"Ауыл-аймақтағы медициналық мекемелердің инфрақұрылымы өзгереді. Фельдшерлік пункттер, амбулаторлық көмек пункттері, акушерлік көмек орталықтары да едәуір жаңарып жатыр. 655 обьект бой көтеруі тиіс. Жоба былтыр басталған", – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр 2027 жылға қарай қаржыландырудың жаңа моделіне көшуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Осы мақсатта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне 240-тан астам түзету енгізілмек.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген