Алматы жастары: шаһар жастарына арналған баспана бағдарламасы жаңартылады

25.02.2025 20:35

2017 жылдан бері бұл бастама аясында шамамен 6 мың жас тұрғын үймен қамтамасыз етілген

«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша қарыз беру сомасы 20 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы «Отбасы Банк» өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының тумасы Әділжан Жеңісұлы үшін баспана – тек төрт қабырға емес, арманына апарар жолдың бастамасы. Орта білім беретін мекемеде инженер-механик болып қызмет ететін ол 2020 жылы «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жайлы естіп, бағын сынап көруге бел буған. Жолы болып, 47 шаршы метрлік пәтерге қол жеткізген ол 4 жыл бойы тірнектеп ақша жиюды тоқтатпаған. Нәтижесінде, жалдамалы пәтерден пәтеріне көшіп жатыр.

«Алматы жастары» бағдарламасы – жалдамалы пәтер жұмысшы жастарға деген өте тиімді бағдарлама. Осы бағдарлама арқылы пәтерде тұрып, алғашқы жарнамызды жинап, баспана алдық. Жастарға бір көмегін тигізсін. Әр қазақ үйлі болсын деп тілеймін» , – деді қала тұрғыны Әділжан Жабықбай.

Әр мүмкіндік – жаңа белес. Әсем Алмабекова үшін де «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы сондай баспалдақтың бірі болды. Әріптесі Әділжан Жеңісұлының кеңесімен осы жоба жайлы естіген ол көп ойланбастан өтініш беріп, бір бөлмелі жалдамалы пәтерге қоныстанған. Үш жыл бойы уақытты тиімді пайдаланып, баспанасына қаражат жинапты. Бүгінде Әсем «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы өз шаңырағының иесі атанып отыр.

«Мен 7-20-25 бағдарламасын қарадым. Шаңырақ бағдарламасын қарадым. Оның ешқайсысына сәйкес келмедім. Сондықтан «Алматы жастары» бағдарламасына қатыстым, өте тиімді. Себебі 5 жылдық пайыз, бастапқы жарнасы 10 пайыз төлейміз, маған өте тиімді болды», – деді қала тұрғыны Әсем Алмабекова.

Алматыда жас мамандарға арналған ең сұранысқа ие ипотекалық бағдарламалардың бірі –  «Алматы жастары». Ол жылдық 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен және 10% бастапқы жарнамен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Былтыр бұл бағдарламаға «Жұмыс істейтін жастар» санаты қосылып, 20-дан астам жас баспаналы болған. Сондай-ақ шаһар жастары үшін тағы бір тиімді бағдарлама – Наурыз мемлекеттік ипотекасы жұмыс істеп тұр. Ол 36 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге жағдай жасайды.

«Биылғы жылы да «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасады. Қазіргі таңда әкімшілікпен бірге келісімшарттың барлық шарттарын талдап және де бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жуырда өтінім қабылдау басталады», – деді  «Отбасы банк» АҚАалматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.

Болашақта шаһар жастарына арналған баспана бағдарламасы жаңартылады. Нақтырақ айтсақ, «Алматы жастары-2025» жаңа шарттары әзірленіп жатыр. Бұл жолы «Жұмыс істейтін жастар» санатының қатысушыларына арнайы квота қарастырылмақ. Нәтижесінде мыңнан аса азамат жеңілдетілген несие арқылы баспана алу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, жалпы 2017 жылдан бері бұл бастама аясында шамамен 6 мың жас тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Мәди Мәлік, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыда өтетін халықаралық кәсіби күрес лигасында ел намысын кімдер қорғайды