Алматыда 18 жаңа білім беру нысаны салынды

Денсаулық сақтау саласында қаржыландыру мөлшері 25 пайызға ұлғайған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда білім беру және денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл шаһарда 11,7 мың оқушыға арналған 18 жаңа білім беру нысаны салынды. Сондай-ақ қала алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 4 орталық пен 1 емхана бой көтерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда 216 мемлекеттік және 126 жеке меншік мектеп бар. Бұл білім ордаларында 350 мыңға жуық шәкірт тәлім алады. Десе де 30 мыңға жуық оқушы орны тапшы. Ал оның алдын алу үшін шаһарда 20 «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Нысандардың құрылысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ұлттық жоба аясында бой көтерген  мекеме жұмысын әлдеқашан бастап кеткен.

Атап өтер жайт, мегаполисте «Мектеп автобусы» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен 46 мектептің 9 мыңнан астам оқушысы бастаманың игілігін көріп жүр.

"Алматы қаласында ең бірінші балаларды мектеп автобусымен қамтыды. Бірінші жылы 100 алды, 200 автобус бар. Мақсат – автобус санын-ге жеткізу.  Келесі жылы тағы да 100 автобус алу үшін қаражат қарастырылды", – деді қалалық мәслихат депутаты Жандос Нәдіров.

Денсаулық сақтау саласында да өзгеріс көп. Биыл бұл бағытты қаржыландыру мөлшері 25 пайызға ұлғайған. Ал жаңадан салынған медициналық орталықтарды санамағанда тағы 32 нысанды жаңғырту көзделген. Осы жылдың тамызында балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендету үшін шаһарда еліміздегі алғашқы ерте араласу орталығы ашылып, тұңғыш рет «Ұрық хирургиясы» пилоттық жобасы енгізілді.

"2 наурыздан бері 2900 жүкті әйел бір күндік клиникадан өтті. Соның ішінде 56 балада іштей хромосомды ауруларды анықтадық. 21 жүкті әйелдің төртеуі босанды, ал 17 келіншектің жүктілік мерзімі бақылауда", – деді Ұрықты қорғау орталығының басшысы Гүлнара Әбдірешева.

Алматыда 21 жатырішілік ота жасалса, бір жыл ішінде орталық бұл көрсеткішті 150-ге дейін жеткізуге қауқарлы. Ал биылғы 11 айдың қорытындысына тоқталсақ, ана мен бала арасындағы өлім 48,2 және 5,4 пайызға, қатерлі ісіктен көз жұматындардың саны 16 пайызға төмендеген.

Еске салайық, саладағы автокөлік паркін жаңарту жұмысы да әлі жалғасып жатыр. Екі жыл ішінде көрсеткіш 37 пайызға өсіп, былтыр 55, биыл 48 жаңа көлік сатып алынған.

Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Ақылды қала: Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қалай жүзеге асуда

Новости партнеров