Шеруге ертегі әлемінен келген 60-қа жуық кейіпкер қатысты
Алматыда 60 Аяз ата мен ақшақар шеру ұйымдастырды. Қала көшелерін аралап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған олар кезіккен жұртқа тәтті тарту еткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызыл шапанды Аяз талар, көкшіл шұғамен безенген ақшақарлар, көздің жауын алатын жарқ-жұрқ шамдар Алматы көшелерін сиқырлы әлемге айналдырды. Биылғы салтанатты көш қаладағы бас шыршаның жануымен тұспа-тұс келген. Әуезов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысынан басталған шеруге ертегі әлемінен келген 60-қа жуық кейіпкер қатысты. Олар бала қиялын көкке шарықтатып, көңілге мерекелік күй ұялатты.
"Жаңа жыл табысты болсын! Қазақстан дами берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барша қазақстандықтарды жаңа жылдарымен құттықтаймын!" – деді Аяз ата Нұркен Тотай.
Алаңға жиналғандар Ұлу жылының жайлы әрі жағымды жаңалыққа толы өткенін айтып, келер жылан жылынан да үлкен үміт күтетінін жеткізді. Шеруге қатысқан көңілі шат жұрт бір-біріне ақжарма тілек айтты.
"2024 жылы қызым оқуға түсті, екінші қызым грант ұтып алды. Бәрінің ойлаған армандары орындалсын! Ешқандай жамандық болмасын, тек алда жүрейік!" – деді қала тұрғыны Ажар Еркінбекова.
"Керемет! Осы жылы бір ерекше болайын деп тұр. Жаңа жылда еліміз аман-есен, тыныш болуын тілеймін. Елімізді биік белестерден көре берейік. Қазақ халқы аман болсын. 2025 жыл еліміз берекелі болсын. Жаңа жыл құтты болсын!" – деді қала тұрғыны Аружан Тасболтаева.
Айта кетейік, аталған жаңа жылдық шеру Алматыда ғана ұйымдастырылған жоқ. Әсіресе елдің шығысында мұндай іс-шара ерекше қарқынмен басталған. Мұндағы республикалық фестиваль үш күнге созылып, байқауға елдің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық аяз ата қатысты.
Әсем Бахытжанова, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматылық Арбат Карнаби көшесінің стилінде безендірілді