Алматыда AMANAT партиясының үздік қоғамдық қабылдау бөлмелері анықталды

14.02.2025 18:05

Конкурсқа Алматы қаласындағы барлық аудандық филиалдар қатысып, өздерінің атқарған жұмыстарын ұсынды

AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы

Алматы қаласында AMANAT партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері арасында үздіктерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» аймақтық байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл байқау партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс сапасын арттыру, халықпен тиімді байланыс орнату, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және олардың белсенділігін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Конкурсқа Алматы қаласындағы барлық аудандық филиалдар қатысып, өздерінің атқарған жұмыстарын ұсынды. Әрбір қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі жан-жақты бағаланып, олардың тұрғындармен жұмыс жүргізу сапасы, азаматтардың өтініштерін қарастыру тиімділігі, проблемаларды шешу жолындағы нәтижелілігі ескерілді.

Байқау барысында арнайы комиссия ұсынылған жұмыстарды саралап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде, Алатау аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Бұл филиал өз қызметінде азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруімен, тиімді шешім қабылдауымен және тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді атсалысуымен ерекшеленді. Осы жеңісінің арқасында Алатау аудандық филиалы республикалық деңгейде өтетін байқауға жолдама алды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болғандар:

• Наурызбай аудандық филиалы – екінші орын

• Бостандық аудандық филиалы – үшінші орын

• Медеу аудандық филиалы – үлгілі жұмысы үшін ынталандыру марапатына ие болды

Жеңімпаздар арнайы марапатталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Байқау барысында қатысушылар халықпен жұмыс істеудегі тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

AMANAT партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін шешуге ықпал ететін маңызды алаң болып табылады. Бұл байқау қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметін одан әрі жетілдіруге, олардың жұмыс сапасын арттыруға және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға серпін бермек.

Оқи отырыңыз: Алматыда Медеу ауданындағы №30 мектепте жаңғырту жұмысы басталады