Алматыда Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етілді

15.02.2025 16:17

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толды

 

 

ҚР Ұлттық ұланы  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының  баспасөз қызметі

Алматыда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай дәстүрлі тағзым ету іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Ұлттық ұланы  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиналғандар 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау мен Интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке алқызыл гүл шоқтарын қойып, қан майданда ерлік көрсеткен, соғыстың зардабын тартып, өмірден өткен жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Салтанатты шараға Ауған соғысының ардагерлері мен ардагерлер кеңесінің өкілдері, Ұлттық ұлан мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары мен қала тұрғындары қатысты.

Алдымен саябаққа жиналған қауым Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына бас иіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін ауған ардагерлері сөз алып, соғыс ақтаңдақтары туралы естеліктерімен бөлісті.

- Мен Ауғанстанның Баграм елдімекенінде тоқтаған жеке барлау батальонында дәрігер болып қызмет еттім. «Шепсіз майдан» аталып кеткен ұрыс қимылдарында жарақат алған жауынгерлерге медициналық жәрдем көрсету басты міндет болды. Солармен қоян-қолтық жүріп, ұрыс үстінде қызметімді атқардым. Өзіміз де жарақат алған кездер болды. Бірде, автомобильдер легімен келе жатқанымызда Саланг асуынан өткеннен кейін моджахеттер атқан оқтың астында қалық. Жүргізушім Александр Паутов мені көліктен шығып, оларға қарсы оқ жаудырды. Сөйтіп мені ажал оғынан аман алып қалған еді. Барлық қарулас жолдастарыма және олардың жақындарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Бұл өте ауыр міндет болды және біз оны аса құрметпен орындадық деп, - жат елдегі жорықты жылдарды Ұлттық ұланның отставкадағы полковнигі Сәбит Аймағанбетов осылай еске алды.

Жиын соңында Алматы гарнизонына қарасты әскери бөлімдер мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары ардагерлер алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.

Алқалы жиын концерттік бағдарламамен аяқталды, онда Ауған соғысы интерноционалист-жауынгерлерінің ерліктері туралы әндер шырқалды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда наурыздағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды