Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының ескі ғимараттары жаңғыртылады

Қала әкімі де денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту маңызды қадам екенін атап өткен еді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының ескі ғимараттарын жаңғырту ісі қолға алынды. Медициналық мекеме 1965 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Ал келушілер саны соңғы уақытта 30 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа ғимараты Emergency халықаралық стандартына сай салынған. Тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Орталықта жансақтау және қарқынды терапия, диагностика бөлімі мен 4-операция блогы бар. Ауруханада тек Алматының емес, республиканың өзге өңірлеріндегі балалар да жоспарлы ем-дом алады. Сондай-ақ ел бойынша тек осы орталықта жаңа туған нәрестелерде кездесетін туабітті дерттерді хирургиялық жолмен емдеу тәсілдері қолданылады.

"Балаларды алып келіп, осы жерде операцияға дайындап, отаға алып және отадан кейінгі үстемелі ем, қарқынды ем жүргізу осы бөлімшеде жүргізіледі, бөлімше барлық заманауи технологиямен жабдықталған. Қажетті көмектің бәрі осы бөлімшеде көрсетіледі", - деді "Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы" КМК бөлім меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов.

Сондай-ақ орталықтың жаңа корпусында офтальмология бөлімшесі жұмыс істейді. Ақ халаттылардың айтуынша, заманауи технологиялардың дамып тұрған заманында ем-домның бұл түрі аса қажет. Қазір бөлімшедегі 42 төсек-орынның бәрі толы дейді.

"Мен мұнда қызымды алып келдім. Осында ем алып жүргенімізге 1 жылдай уақыт болды. Қазір жаңа ғимаратта жатырмыз. Бәрі таза, жағдай жасалған. Дәрігерлер тиісті ем-домын жүргізіп жатыр. Ризамыз", - деді ата-ана Елена Старикова. 

Аурухананың 12 бөлімшесінде қазір 120-ға жуық жоғары санатты маман жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері "басты міндетіміз – сапалы қолжетімді медициналық көмек көрсету” дейді.

"Балалар мұнда кепілдендірілген тегін медициналық көмек арқылы ем алады. Заманауи медициналық құрылғылардың көмегімен қымбат оталар жасалады. Сондай-ақ науқастарды қан препараттарымен қамтамасыз етеміз", - деді "Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы" КМК директоры Әлібек Смағұлов.

Қала әкімі де денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту маңызды қадам екенін атап өткен еді. Былтыр Алматыда медициналық көмек көрсетуге 334,2 миллиард теңге жұмсалған.  Ал оның 175,7 миллиарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыруға бөлінді.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар Дубайда өткен халықаралық байқауда жүлделі орын алды

Новости партнеров