Алматыда белгілі композитордың шығармашылығына арналған апталық өтіп жатыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Апталық аясында тыңдарман өнер әлеміне саяхаттауға мүмкіндік алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда белгілі композитор Джакомо Пуччини шығармашылығына арналған апталық өтіп жатыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында әйгілі музыканттың құрметіне гала-концерт ұйымдастырылмақ. Сахнада “Турандот», “Тоска” және "Мадам Баттерфляй" сынды опералардың ариялары мен үзінділері орындалып, жетекші солистер өнер көрсетеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ғасырлық тарихы бар “Мадам баттерфляй” - Джакомо Пуччинидің әйгілі туындыларының бірі. Жапондық гейша қыздың өмірі суреттелетін опера бойжеткеннің кіршіксіз сезімі мен батыл шешімдерін бейнелейді. Америкалық офицер Пинкертонға “уақытша” тұрмысқа шығып, жақсылықтан үміт күткен қыз тағдыры талай сынаққа кездеседі. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында дәстүрлі түрде қойылып келе жатқан үш бөлімді туынды күні кеше апталық аясында ұсынылып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

"Бұл - ең қиын шығармалардың бірі. Мен операда Чио-Чио-Санды, яғни Мадам Баттерфляйды сомдаймын. Пучинидің шығармашылығы да сондай бір нәзік орындауды, әр бөлігіне ерекше мән беруді талап етеді. Рөлді ойнағанда жас қыздың соңында маңызды қадамға баратын әйелге дейін қалай өскенін көрсету керек", - деді Қазақстанның халық әртісі Жәмила Баспақова.

"Жапон мәдениетіндегі ерекшеліктерді көрсетіп, соларға басымдық бергім келді. Соның ішінде олардың тойын дәлме-дәл бейнеледік. Ол кезде шақырылатын дәстүрлі "Кабуки" театрын да зерттедік. Бас кейіпкердің жан-жағын қоршаған шынайылық пен жалған әлемді де көрсеткіміз келді", - деді қоюшы-режиссер Наталья Кагадий.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры апталық аясында Джакомо Пуччини туындыларынан белгілі ариялар мен партияларды топтастырып, 25 қаңтарда, яғни ертең гала-концерт беруді жоспарлап отыр. Онда театрдың жетекші опера солистері, симфониялық оркестрі мен хоры өнер көрсетеді.

"Аптаны танымал композитор Джакомо Пуччиниге арнап жатырмыз. Былтыр маэстроның өмірден өткеніне 100 жыл толған еді. Сондықтан өнер әлемінде ерекше орны бар тұлғаны еске алып, осындай іс-шара өткізуді жоспарладық. Оның шығармалары ғажап эмоцияларымен, шынайы кейіпкерлерімен және әуезді, есте қаларлық музыкамен ерекшеленеді", - деді бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов.

Концерттік бағдарламада дүниежүзіне танымал “Тоска", “Турандот", "Богема" және "Мадам Баттерфляй" операларының ариялары мен көріністері қойылады. Апталық аясында тыңдарман өнер әлеміне саяхаттауға мүмкіндік алады.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Сегіз жолақ, жаяулар өткелі мен автобустар: Алматы мен облысты жалғайтын жолда не өзгермек

Новости партнеров