Бүгінгі таңда қаланың жарықтандыру деңгейі жаяу жүргіншілер өткелдерін қосқанда 85%-ды құрайды
Алматы әкімінің халықпен кездесуі барысында Түрксіб ауданының тұрғыны жаяу жүргіншілер өткелдері, атап айтқанда Серкебаев бойындағы өтке бойынша сұрақ қойып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қосымша жарықпен қамтамасыз етуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сұрағына қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жауап берді: «Алдағы екі айда біз қалада жарықтандыру бойынша қалған жұмыс көлемін толығымен аяқтаймыз. Бүгінгі таңда қаланың жарықтандыру деңгейі жаяу жүргіншілер өткелдерін қосқанда 85%-ды құрайды. Соңғы екі жылда біз магистральдық жолдармен айналыстық, биылғы жылы жаяу жүргіншілер өткелдері мен жаяу жүргіншілер тротуарларына баса назар аударылуда».
Алматы әкімі Ерболат Досаев өз кезегінде «Алматы қала жарық» МЖӘ басшылығына және аудан әкімдеріне барлық жаяу жүргіншілер өткелдерін қосымша жарықтандырумен қамтамасыз ете отырып, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында сыртқы жарықтандыру бойынша жобаларды қысқа мерзімде іске асыруды тапсырды.
«Серкебаев бойындағы өткелді жарықтандыру бойынша пилоттық жобаны осы жылдың мамыр айының соңына дейін іске қосу қажет», - деді қала басшысы.
Айта кетейік, Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша көптеген жаяу жүргіншілер өткелдері энергия үнемдейтін әсері бар вандалға қарсы шамдармен, тактильді плиталармен және бейнекамералармен жабдықталған.
Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында 54 км-ден астам электр желілері жаңғыртылады