Бұл жобалар Түрксіб ауданының 21 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді
2025 жылдың қыркүйек айында ұзындығы 37,2 км болатын Қайрат шағынауданындағы сумен қамту және су бұру жүйелерінің екінші кезеңінің құрылысы аяқталады. Бұл бұрын сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмеген учаскелерді толық қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматының Түрксіб ауданы әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, өткен жылы аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Әлмерек шағынауданында 20 км су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталды. Жаңа желілерге шағынауданның 400 үйі қосылды.
Сондай-ақ Жас Қанат шағынауданында 8 км сумен жабдықтау және 8,6 км кәріз желісі салынды, бұл жерде бұған дейін тұрғындар ауыз суды ұңғымалар арқылы алуға мәжбүр болған.
Бұған қоса, Закарпатская көшесінде 4,8 км сумен жабдықтау және 1,6 км кәріз желісінің құрылысы аяқталды. Ал Нижняя Пятилетка шағынауданында 115 км су құбыры және 32 км кәріз жүйесі салынды. 2024 жылы Шуақты шағынауданында кәріз сорғы станциясы (КСС) салынды, бұл Волочаевская көшесіндегі 70 үйдің кәріз мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Тұрғындарды күзгі-қысқы маусымда жылумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Спасск-Бекмаханов және Бекмаханов-Сүйінбай көшелеріндегі жалпы ұзындығы 2,1 км болатын жылу желілерін жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұл желілер 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған болатын.
Бұл жобалар Түрксіб ауданының 21 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Оқи отырыңыз: Биыл Бостандық ауданында 11 магистральді көшеде техникалық тротуарлар салынады