Алматыда «Қайраткер» жас саясаткер мектебі ашылды

Фото: Кайрат Конуспаев
Фото: Кайрат Конуспаев

Қатысушылар саяси процестердің негіздерін, өкілді органдардың қызметін және қоғаммен тиімді жұмыс істеу әдістерін меңгереді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы Мәслихаты мен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жастар ұйымы бірлесіп ұйымдастырған «Қайраткер» жас саясаткер мектебінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мектеп бір айға жоспарланған және Мәслихат депутаттарымен, саясаткерлермен, белгілі қоғам қайраткерлерімен және PR-мамандарымен мотивациялық тренинг-кездесулерден тұрады. Қатысушылар саяси процестердің негіздерін, өкілді органдардың қызметін және қоғаммен тиімді жұмыс істеу әдістерін меңгереді.

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде қатысушылар Мәслихат депутаттарынан құралған комиссия алдында депутаттық сауалдарын қорғауы тиіс. Мектепті аяқтаған барлық қатысушыларға диплом беріледі, ал ерекше көзге түскен түлектер Алматы қаласы Мәслихаты депутаттарының қоғамдық көмекшісі ретінде үш ай бойы жұмыс істейді.

Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев жобаның маңыздылығын атап өтіп, жастардың ел дамуына қосар үлесін ерекше атап көрсетті.

«Мектептің басты мақсаты – жастардың саяси сауаттылығын арттыру, Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту және мегаполистің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау. Бұл мектеп тек білім беріп қана қоймай, депутаттармен және қоғаммен тікелей жұмыс істеу тәжірибесін де ұсынады. Алматы – жастар қаласы. Осы жоба аясында саясаттан алғашқы кәсіби білім алып, тәжірибе жинақтаған жастар болашақта еліміз бен қоғамымыздың саяси дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», – деп қорытындылады Мейіржан Отыншиев.

Іс-шараға мәслихат депутаттары Диана Ерлан, Салтанат Серікова және Кристина Бекмурзаева, қоғамдық кеңес мүшелері Бекнұр Қисықов, Марлен Рысбеков, Алмат Әділбаев және жастар ұйымдарының өкілдері Рустам Қайрыев және т.б. қатысты.

Айта кетейік, мектеп Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Оқи отырыңыз: Тағдырлы тұлға: Дулат Исабеков – ұлттың ар-ожданы, руханияттың темірқазығы

Новости партнеров