Алматыда қала маңында тағы екі жаңа бағыт іске қосылады

24.12.2024 15:48

Жол жүру құны қалалық маршруттардағыдай 120 теңгені құрайды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Үлкен сыйымдылығы бар автобустар Алматыдан облыстың Қарасай және Талғар аудандарына жіберіледі, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Алматыда мегаполистің агломерациямен көліктік байланысын арттыру аясында қалалық мобилділік басқармасы 25 желтоқсаннан бастап тағы 2 қала маңындағы қоғамдық көлік бағытын іске қосады.


 
Мәселен, №256 маршрут «Мәдениет және демалыс саябағы – Ақтас кенті» қатынасымен және №249 маршрут «Төлеби/Яссауи» автостанциясы» - Шамалған кенті» қатынасымен «FOTON» маркалы сыйымдылығы жоғары автобустармен қызмет көрсетілетін болады. Тасымалдаушы «ECOBUS SERVICE» ЖШС, жоспарлы шығу-жылжымалы құрамның 7 бірлігі. 

Жол жүру құны қалалық маршруттардағыдай 120 теңгені құрайды. Барлық автобустар Onay электронды билет жүйесімен жабдықталған.

Айта кету керек, автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау Ережелеріне сәйкес бұл маршруттар тасымалдаушыларға қызмет көрсету конкурстары өткізілгенге дейін берілген және тестілік режимде жұмыс істейтін болады. Қорытындысы бойынша қозғалыс сызбаларына жолаушылар ағыны мен халықтың қажеттілігін ескере отырып өзгерістер енгізілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша ағымдағы жылы троллейбус паркі 112 троллейбус сатып алу есебінен 100% жаңартылды. Сондай-ақ әкімдік 600 газ автобусы мен 100 электробус сатып алды. Жыл басынан бері  ҚМБ 18 қала маңындағы және 3 қалалық маршрут ұйымдастырды.

Оқи отырыңыз: Алматы метросында ұялы байланыс пен интернет орнатылды