Бүгінде әр сенбі-жексенбі 30 мыңнан аса тұрғын жәрмеңкеге барады екен
Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелердің инфрақұрылымы жаңартылды. Апта сайын 30 мыңнан аса қала тұрғыны сауда жасайтын орында қолайлылық үшін санитарлық жағдай жақсартылып, шатырлар ауыстырылған. Сондай-ақ келушілердің қозғалысы үшін қолайлы бағыт қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысының ауылшаруашылығы өндірушілері мен мегаполис кәсіпкерлері азық-түлігін ұсынатын жәрмеңке –қолжетімді бағада табиғи өнім алуға болатын таптырмас орын. Алмалы, Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарында апта сайын 700 тоннадан аса азық-түлік өнімдері саудаға түседі. Әсіресе, ет және сүт ерекше сұранысқа ие.
«Біз ет өндірісімен айналысамыз. Жетіген ауылдық округінен келдік. Малды өзіміз бордақылаймыз, өнімдеріміз экологиялық таза. Демалыс күндері осылай алып келеміз. Мұнда біз қойған бағалар базардан әлдеқайда төмен, әрине. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Ерекше қажеттілігі бар жандар мен зейнеткерлерге жеңілдіктеріміз жасаймыз», – деді фермер Нұржан Рыскелдинов.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биыл уақытша сауда орындарындағы инфрақұрылымды жаңартыпты. Қазір мұнда саудагерлер үшін де, таза өнім іздеп келген қала тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасалған.
«Жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп, шатырлар, сөрелер жаңартылды. Санитарлық жағдай жақсарып, келушілердің қозғалысы үшін қолайлы маршруттар жасалды. Сәйкесінше, сауда орындары да көбейеді. 300-ге жуық сатушы өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңкеге келетін алматылықтардың саны жылдан жылға артып келеді», – деді «Алматы» ӘКК» департамент директоры Азизжан Тұрғанов.
Бүгінде әр сенбі-жексенбі 30 мыңнан аса тұрғын жәрмеңкеге барады екен. Келешекте уақытша сауда алаңдарын өзге аудандарда да қолға алу жоспарланыпты.
Еске сала кетейік, жәрмеңке демалыс күндері таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 06:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда сала мамандары бас қосты