Алматыда ұзақ салынған ірі құрылыс бұзылды

27.01.2025 16:10

Бұл - Медеу ауданында бөлшектелген екінші нысан

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Меңдіқұлов бульварының батысында аяқталмаған көпдеңгейлі паркингті бұзылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

2007 жылы «СЕРТ» АҚ жалға алу учаскесінде 5 деңгейлі паркинг салуға кіріскен. 2009 жылдың аяғынан бастап құрылыс-монтаж жұмыстары 1-2 қабат деңгейінде тоқтап қалды.

2015 жылы уақытша жер пайдалану құқығы да тоқтатылды, содан кейін «Сейсмостройзащита» ЖШС мамандары объектінің тірек және қоршау конструкцияларына тексеру жүргізді.

Сарапшылар негізгі тірек конструкцияларының техникалық жай-күйі туралы қорытынды берді, зерттеу нәтижелері бойынша қолданыстағы конструкцияларды бөлшектеу ұсынылды.

Басқармадан кейін сотқа аяқталмаған объектіні бұзу туралы талап арыз берілді. Соттың 2018 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен талап-арыз қанағаттандырылды. Аяқталмаған нысанды бөлшектеу бүгін басталды.

Айта кету керек, бұл - Медеу ауданында бөлшектелген екінші нысан. 

Сондай-ақ соттың шешімі бойынша Радлов көшесі, 9/1 учаскесі бойындағы аяқталмаған ғимарат та сүріледі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысты бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында 2023 жылдың басынан бері 65 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», KHAN және басқа да тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылған болатын.

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыны айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады