Алматыда жыл басынан бері құқықбұзушылық саны 20 пайызға азайған

04.12.2024 16:41

Сала мамандары рейдтік іс-шаралардың толастамайтынын айтады

Алматыда 11 айдың ішінде құқықбұзушылық саны былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға азайған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Десе де, сала мамандары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін рейдтік іс-шаралардың толастамайтынын айтады. Мәселен, 16 қыркүйекте басталған «Таза қала» науқанының аясында 3600-ден аса адам қаланың көркін бұзғаны үшін, ал 5000-ға жуық тұрғын қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

 "Қаланың абаттандыру сипатын бұзғаны үшін 505-баппен жауапкершілікке тартылады. Онда азаматтарға салынатын айыппұл мөлшері 20 АЕК-тен басталады. Қазіргі таңда ол шамамен 74 мың теңге болмақ. Егер де заңды тұлғалар болса, 110 мың теңгеден жоғары айыппұл салынады. 441-бап дегеніміз - темекі бұйымдарын, қорқорды қоғамдық орындарда тұтыну. Ол жерде де айыппұл саны азаматтарға 74 мың теңгеден жоғары айыппұл салынады", - деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.

Ал Алматының Жетісу ауданында өткізілген "Қауіпсіз қоғам" науқанының аясында белгіленбеген орындарда темекі шеккен, қоғамдық орындарды ластаған, сондай-ақ тыныштықты бұзған азаматтар анықталып, оларға түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Еске салайық, бұл бастама Мемлекет басшысының "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыруға бағытталған.  

"Жалпы мақсаты - қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтың алдын алу және заң тәртіпті сақтау болып есептеледі. Барша қала тұрғындарын осы акцияда белсенді болуға шақырамыз", - деді Жетісу ауданы комьюнити орталығының менеджері Жанар Әбдіқадірова.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында мектеп асханаларынан жүзге тарта кемшілік анықталды