Алматыдағы Абай даңғылын абаттандыру жобасы аяқталды

Тұрғыт Озал көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аумақта 15 жыл бұрын жөндеу жұмысы жүргізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының басты көшелерінің бірі – Абай даңғылы жаңа кейіпке еніп, абаттандыру жобасы толық аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаланың қақ ортасындағы бөлу жолағы көркейіп, заманауи жасыл аймаққа айналды. Тұрғыт Озал көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі 2,6 шақырымды қамтитын аумақта соңғы рет жөндеу жұмыстары 15 жыл бұрын жүргізілген.

Абай даңғылындағы абаттандыру «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асты. Биыл бұл бағдарламаға 18,8 миллиард теңге бөлініп, қала тұрғындары 364 бастамаға ұсыныс енгізді. Соның арқасында жаңғыртылған 5,2 гектар аумақ жаяу жүргіншілерге арналған тегіс жол жабындысымен және суару жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар жасыл желек маусым сайын санитарлық кесуден өтіп, жаңа өсімдік түрлері отырғызылады.

"Абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс аралығында 7800 метр квадрат брусчатка төселді. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Суармалы су желісін жүргізу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында өзгертулер, абаттандыру, көгалдандыру басқа да жұмыстар өтетін болады", – деді Бостандық ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Ғазиз Тоқтарұлы.

Бостандық ауданының тұрғындары жайлы әрі әдемі ортада серуендеп, демалу үшін бөлу жолағы ыңғайлы орындықтар,әткеншектер мен жарық жүйесімен жабдықталған. Бұл қаланың эстетикалық көрінісін арттырып ғана қоймай, мегаполистің экожүйесіне оң әсерін тигізіп жатыр.

"Таңертең және кешке үнемі серуендейміз. Қазіргі көрініс әрине қуантады! Бұрын отырып, демалуға жағдай жасалмаған. Суару жүейесін орнатқаны дұрыс болды, әйтпесе бұтақтар көктемге дейін қурап қалатын", – деді қала тұрғыны Лиза Ермакова.

"Әрине ұнайды, бұл жерде тұрмаймын. Бірақ баламды мектепке алып келдім, 1,5 сағат ыңғайлы әрі әдемі жерде күтіп отырмын", – деді қала тұрғыны Әсия Ахмет

Бостандық ауданында Гагарин көшесінде абаттандыру жобасы жүргізіліп жатыр. Жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мамандардың сөзінше, келер жылы да қаланы көріктендіруге бағытталған біршама бастама қолға алынбақ.

Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Шымбұлақ: Алматының символына айналған спорт кешені қашан ашылады

Новости партнеров