Алматыдағы қоғамдық кеңістіктерге шамамен екі мың ірі ағаш отырғызылады

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Ірі көшеттерді отырғызудың басты мақсаты – қаланың жасыл аумағын кеңейту, көлік қозғалысынан ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту және жол жиегіндегі жасыл желекті қалыптастыру

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, «Eco Almaty» ЖШС мамандары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Республика алаңы мен әл-Фараби даңғылы бойындағы жасыл желектің жағдайымен танысуға арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара барысында сарапшылар аталған аумақтарда жүргізілген зерттеулердің нәтижесін бөлісті. Тексеру барысында кейбір ағаштардың апатты, қураған, тіршілігін тоқтатқан және әлсіреген күйде екені анықталды.

Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, ағаштардың жағдайы ішкі шірік, паразиттік емес аурулар немесе жәндіктер мен механикалық факторлардан болған зақымдар сияқты жасырын патологиялық үдерістерге байланысты болуы мүмкін.

«Әл-Фараби даңғылы бойындағы ағаштардың сәндік сапасы төмендеп, жағдайы әлсіреуіне байланысты оларды төзімді қылқан жапырақты тұқымдарға ауыстыру ұсынылады. Сондай-ақ, бұл ағаштардың құлау қаупі жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қауіпті болғандықтан, ауыстыру қажет», – деді Нұржан Мұхамадиев.

Ауру белгілері байқалған қылқан жапырақты ағаштардың инелері зертханалық зерттеуден өтіп, олардың құрамында Alternaria және Mucor тектес сапрофитті саңырауқұлақтар бар екені анықталды. Бұл саңырауқұлақтар ағаштардың сарғаюына әсер етеді, алайда зиянды патогенді организмдер табылмады. «Eco Almaty» ЖШС мамандары Саин көшесі бойындағы қарағайлардың жағдайын тексеріп, олардың 50%-дан астамы зиянкестер мен аурулардан зақымданғанын және ағаштардың көптеп қурап жатқаны байқалғанын растады.

«Ағаштардың қурауы өте қарқынды жүріп жатыр, олардың 50%-дан астамы аурулар мен зиянкестерден зардап шеккен. Бұл көбінесе қураған, қартайған және шамадан тыс өсіп кеткен ағаштар. Толықтай қураған бұл ағаштарды кесу керек», – деді «Eco Almaty» ЖШС ғылыми қызметкері Серікжан Сураншин.

Баспасөз турына сондай-ақ, қоғамдық бақылау өкілдері қатысты. Жасыл комиссия мүшесі Омар Нұрхайдаров апатты жағдайдағы ағаштардың жай-күйі көзге анық көрінетінін атап өтті.

«Бұл жол қозғалысы үшін қауіпті. Сондықтан мен бұл ағаштарды жаңасына, мүмкіндігінше ірі көшеттерге ауыстыру қажет деп санаймын. Бұл эстетикалық тұрғыдан әдемі, әрі қауіпсіз болады», – деді Омар Нұрхайдаров.

Өңірлік көшпелі кеңес қорытындысы бойынша ғылыми қызметкерлер мен сарапшылардың тұжырымдамасына сәйкес, кәрі және апатты жағдайдағы ағаштарды Алматы климатына бейімделген, төзімді ірі көшеттермен ауыстыру қажет деген шешім қабылданды.

Әл-Фараби даңғылы бойында барлығы 961 ағаш (524 қылқан жапырақты, 437 жапырақты) өседі. Олардың 906-сы қанағаттанарлық жағдайда, 55-і апатты жағдайда, 42 жапырақты ағашты (биіктігі 2-2,5 м) қайта отырғызу қажет. Сонымен қатар, даңғыл бойында 205 бос орын бар, онда жаңа көшеттер отырғызылмақ. Бұл аумақта жапырақты ағаштар – 6 метрлік 194 шаған және 6 метрлік 100 қарағаш отырғызылады.

Сәтбаев көшесінің Желтоқсан көшесі мен Назарбаев даңғылы арасындағы бөлігінде 20 ағаш өсіп тұр, олардың 3-еуі қанағаттанарлық, ал 17-сі апатты жағдайда (қылқан жапырақты ағаштар). Сондай-ақ, бұл аймақта 8 бос орын бар. Резистографпен тексеру барысында ағаш діңдерінің тығыздығы төмендеп, ағаштардың «қурап бара жатқан» және «қураған» күйде екені анықталды. Бұл аумақта 17 апатты жағдайдағы ағашты кесіп, олардың орнына және бос орындарға биіктігі 6 метрден асатын 28 ірі көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Кесуге, қайта отырғызуға және ірі көшеттерді отырғызуға қатысты жұмыстар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» ұсынымдары негізінде жүргізіледі.

Биыл наурызда Алматы қаласы бойынша Саин, Рысқұлов, Сәтбаев көшелерінде, Көкжиек шағынауданында, Гүлдер саябағында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде шамамен 2 000 ірі ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.

Ірі көшеттер – биіктігі кемінде 4 метр болатын, жақсы тамырланған, діңі мен тәжі бар ағаштар. Ірі көшеттерді отырғызудың басты мақсаты – қаланың жасыл аумағын кеңейту, көлік қозғалысынан ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту және жол жиегіндегі жасыл желекті қалыптастыру.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа қоқыс жәшіктерін орнату басталды

Новости партнеров