Алматыға былтыр келген туристер саны 2 миллионға жуықтады

Былтыр 11 айда мегаполистің туризм саласына салынған кіріс көлемі 92,9 млрд теңгеге жетіп, 12 пайызға артқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұған былтырғы жылдың қортынды есебі дәлел. 2024 жылы Қазақстанға саяхаттауға 15,3 млн шетелдік қонақ келіп, олардың 10,4 миллионы бірнеше күн тұрақтап, 1,2 триллон теңгеден астам қаржы жұмсаған. Осылайша еліміз әлемдік аренада өз орнын айқындай түсті. Тіпті әйгілі “CNN Travel” басылымы 2025 жылы баруға тұрарлық 25 бағыттың тізіміне алып шаһар Алматыны қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұмса табиғатымен, таулы аймағымен, мәдени-тарихи нысандарымен елдің туристік флагманына айналған Алматы – шетелдік саяхатшылар үшін ең тартымды бағыттардың бірі. Былтырдың есебі бойынша шаһарға келген саяхатшылар саны 14,2 пайызға артып, 1,7 млн адамға жетті. Ал Almaty Tourism Bureau мен Mastercard бірлесіп, қонақтардың жүріп өткен жолын егжей-тегжей талдап, сұранысқа ие бағыттарды анықтады. Оған Шымбұлақ, Медеу, Аюсай шатқалы сынды аймақтар енді.

 «Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағына келушілер саны 824 мың 170-ке жететін болған. Аюсай визит центр орталығы Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Бұл ауасы таза, аумағында бізді туристік 46 тропалар бар», – деді Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Таубалды Болат.

Бұл – жыл он екі ай саяхатшылар үзілмейтін Аюсай шатқалы. Мұнда ұлттық нақышқа бейімделіп жасалған демалыстың алуан түрі бар.  Саф ауа аясында серуендеу, тау бөктеріне көтерілетін арнайы жолдар, түрлі ойын-сауық - барлығы да қала орталығынан 20 минуттық жерде орналасқан. Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағына күніне 2000-ға жуық адам келеді.

 «Аюсайдың бір ерекшелігі қалаға өте жақын, бар болғаны 20 минуттың ішінде, осындай тау арасына жетуге болады. Сонымен туристерді қызықтырамыз. Осы жерде орналасқан это нақыштағы кафелеріміз, қонақ үйлеріміз бар», – деді Аюсай визит-орталығының меңгерушісі Исламбек Денгелбай.

Соңғы үш жылда Алматыға келген туристер саны 34,2 пайызға өсті. Оның ішінде шетелдік саяхатшылар үлесі 87,8 пайызды құрап отыр. Сәйкесінше, саладағы салық түсімдері де екі есеге артты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген Neo Nomad визасы да туристік ағынды арттыруға ықпал етпек. Бұл виза арқылы фрилансерлер мен цифрлық сала мамандары елде бір жылға дейін тұрып, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

«Алматыға алғаш келуім. Шыны керек, қарды бірінші рет көріп тұрмын. Біздерге мұндай табиғатты көру ғажап. Қаладағы ғимараттар өте әдемі, ал таулардың көрінісі таң қалдырады. Бұл жерге енді жазда келгім келеді», – деді турист Мамта Джейн (Үндістан).

Былтыр 11 айда мегаполистің туризм саласына салынған кіріс көлемі 92,9 млрд теңгеге жетіп, 12 пайызға артқан. Қазір қалада жалпы 37 жаңа қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, 29 туристік нысанның жобасы әзірленіп, олардың 14-і биыл іске қосылады.

«Туризмнің экономикаға әсері жергілікті бюджетке түскен салық көлемінен көрінді. Ол 43,7 млрд теңге болды. Осы кезеңде туризм саласына салынған негізгі капитал инвестициялық 72 млрд теңгеге жетті. Саладан түсетін салық екі есеге артып, айтарлықтай көлемге жетті. Бұл көрсеткіштер туристік инфрақұрылымды дамытуға, қаланың тартымдылығын арттыруға және туризмнің экономикалық үлесін нығайтуға бағытталған шаралар», – деді Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ғазиз Төлебек.

2027 жылға дейін ел аумағында жалпы құны 1,1 трлн теңгеден асатын 181 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалардың нәтижесінде туризм саласында еңбек ететін азаматтар саны 800 мыңға дейін жетіп, ауылдық жерлерде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген  

Оқи отырыңыз: Алматы – ортақ үйіміз: Бостандық ауданында 17 арнайы техника тазалық жұмыстарын жүргізуде

Новости партнеров