Алматылық ғалымдар генетика және физиология саласындағы озық зерттеуін бөлісті

ӨКҚ
ӨКҚ

Институтта спортшыларға арналған генетикалық паспорт та әзірленген, ол спорттық мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы ақпарат береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2024 жылғы 23 қыркүйекте Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Генетика және физиология институтының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері үшін пресс-тур өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ӨКҚ сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қатысушылар генетика, физиология, онкология және басқа да өзекті ғылыми бағыттардағы институттың соңғы жетістіктерімен танысты.

Журналистерге институттың молекулалық генетика, жануарлар генетикасы және цитогенетикасы, генетикалық мониторинг, эксперименттік мутагенез сияқты 11 зертханасының жұмысы көрсетілді.

Пресс-турдың негізгі жобаларының бірі – қазақтың тазы иттерінің генетикалық құрылымын зерттеу және физиологиялық-генетикалық бағалау негізінде спортшыларды дайындау жүйесін әзірлеу жобасы болды. Бұл жоба гипоксиялық жаттығулардың спортшылардың когнитивті функциялары мен бейімделу қабілеттеріне оң әсерін зерттеуге бағытталған. Журналистерге спортшылардың гипоксиялық камерада жаттығу барысын бақылауға мүмкіндік берілді. Бұл камера әртүрлі биіктіктегі тау шыңына көтерілу кезіндегі гипоксиялық әсерді имитациялайды.

Сонымен қатар институт ғалымдары спортшылардың физикалық жүктеме кезіндегі жағдайын бақылайтын арнайы масканы таныстырды. Оны ғалымдар өздері әзірлеген. Маска сатурацияны, пульсті, ЭКГ, ылғалдылықты, көмірқышқыл газының бөлінуін және тыныс алу жағдайын бақылайды. Құрылғы жүгіру кезінде көрсеткіштердің толық талдауымен қамтамасыз етеді. Спортшылар жаттығу барысында осы масканы киіп, денсаулығын және көрсеткіштерін бақылау мүмкіндігіне ие. Бұл прототип келесі жылы коммерцияландыруға шығарылады деп жоспарлануда.

Институтта спортшыларға арналған генетикалық паспорт та әзірленген, ол спорттық мүмкіндіктер мен тәуекелдер туралы ақпарат береді.

Сонымен қатар журналистерге қазақстандық жануарлар тұқымдарының генетикалық әртүрлілігін сақтау бойынша жұмыстар көрсетілді. Сондай-ақ ауыр металдармен ластанған топырақты тазалай алатын эндемик өсімдіктер мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктермен жұмыс істеу бойынша зерттеулер таныстырылды. Бұл өсімдіктер экожүйені қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады.

Семей аймағы сияқты экологиялық қолайсыз өңірлерде өмір сүретін адамдардың денсаулығына экологиялық факторлардың әсерін зерттеумен айналысатын ғалымдардың қызықты фактілері де көпшілік назарына ұсынылды.

Пресс-тур барысында қатысушылар жануарлар геномын тереңірек зерттеп, генетикалық мутацияларды анықтауға мүмкіндік беретін ДНҚ секвенирлеу сияқты жаңа технологиялармен танысты. Бұл технологиялар жануарлар тұқымдарының ерекшеліктерін және олардың қоршаған ортаға бейімделуін зерттеуде қолданылады.

Сонымен қатар ғалымдар Лейпцигтегі молекулалық эволюциялық антропология институтымен және Нобель сыйлығының лауреаты Сванте Паабомен бірлескен халықаралық жобалар туралы баяндады. Бұл жобалар неандертальдықтардың ДНҚ-сын зерттеуге бағытталған.

Іс-шара соңында екі тақырып бойынша шағын баспасөз конференциясы өтті: «Қазақтың ұлттық тазы тұқымының генетикалық құрылымы» және «Қазақстан үшін маңызды спорт түрлері бойынша жоғары білікті спортшылар мен олимпиадалық резервті дайындау жүйесін қалыптастыру». Қатысушылар зерттеулер туралы толығырақ ақпарат алып, спорттық тағамдардың дәмін татып көрді.

Пресс-тур қорытындысы бойынша журналистер Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеулермен танысып, ғалымдарға сұрақ қою мүмкіндігіне де ие болды.

Оқи отырыңыз: Астанада мопед жүргізушісін көлік қағып кетті

Новости партнеров