Алматының мұражай қызметкерлері енді шетелде тағылымдамадан өте алады

14.01.2025 15:28

2024 жылы қаладағы мұражайларға 300 мыңнан астам адам келген

Алматылық мұражай қызметкерлері бұдан былай білімдерін шетелде шыңдай алады. Бұл туралы қалалық музейлер бірлестігі директоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Алматы әкімдігінің қолдауымен былтырдың өзінде мұражай мамандары Лувр, Сеул, Сингапур және басқа да мәдени орталықтарда тағылымдамадан өткен.

Музейлер бірлестігінің басшысы Ляззат Сағындықова сондай-ақ 2024 жылы қаладағы мұражайларға 300 мыңнан астам адам келіп, мәдени мекемеге 85 млн теңге табыс түскенін атап өтті.

Жыл жетістігі ретінде «ТҮРКСОЙ» ұйымының «Түркі әлемінің үздік мұражайы» атағына ие болғандығын да айтты. Оған қоса, 85 мың мектеп оқушысы мұражайларға тегін экскурсия жасап, білімін тереңдеткен.  

"Музейлер қорында 65 мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұр. Оның ішінде қазір цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр нақты 4708 экспонаттың сақтау бірлігі цифрландырылса, жалпы 62 201 экспонат цифрландырылған", - деді Мұражайлар бірлестігінің директоры Ляззат Сағындықова.

Оқи отырыңыз: Жалақының өсуі, қолжетімді баспана, шетелде білім жетілдіру: Алматыда музей қызметкерлеріне қолдау көрсетіліп жатыр