5 сәуір күні нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін
Алматыда 5-6 сәуір аралығында жауын-шашын түседі деп болжанып отыр. Коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына сілтеме жасап.
«5 сәуірдің таңынан 6 сәуірде түнге дейін 14 мм-ге дейін жауын-шашын, 15-20 м/с екпінді желмен бірге найзағай ойнайды. Таулы аймақта қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал», - делінген хабарламада.
Ықтимал су басудың алдын алу және салдарын жою мақсатында коммуналдық қызметтің, құтқару қызметі мен ТЖД-ның барлық техникасы әзір. 4200 қап құм дайындалған.
Су басуы мүмкін учаскеде түнгі уақыттан бастап ассенизатор машинасы мен мотопомпа жабдықталған бригадалар кезекшілік атқарады.
Сонымен қатар жауын-шашын кезеңінде жергілікті су басудың алдын алу және оларды жою үшін мотопомпалар мен арнайы құралдармен жабдықталған жедел бригадалар жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайының қызметкерлері тұрғындармен бірге Наурыз мейрамын атап өтті