Алматының Медеу ауданында 10 балабақша ашылады

27.02.2025 10:50

Мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде білім беру инфрақұрылымын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қаланың оңтүстік бөлігінде, Құлжа тасжолының жанында 2 000 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды.

Құрылысты аяқтау 2024 жылдың тамыз айына жоспарланған. Осы кезеңде №161 және №33 мектептерінде күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары да аяқталады.

Сонымен қатар, қолданыстағы білім беру мекемелерін кеңейту мақсатында үш мектепке қосымша ғимараттар салынуда: №35 мектепке 300 орындық ғимарат (2025 жылдың маусымында аяқталады), №99 мектепке 250 орындық ғимарат (2025 жылдың қарашасында аяқталады). Сондай-ақ НЗМ 320 орындық қосымша ғимарат салып жатыр, ол 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.

Биыл мамырда №131 мектепке 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталып, келесі жылдың шілдесінде аяқталады. Ал қыркүйекте «Думан» шағынауданында 1 200 орындық жеке мектептің құрылысы басталып, оны 2026 жылдың тамызында аяқтау жоспарланған.

Мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Алматыда 720 орындық 14 жеке балабақша ашылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 500 орынға арналған 10 балабақша ашу жоспарланып отыр. 2025 жылдың ақпанында «Думан-2» шағынауданында 320 орындық жеке балабақшаның құрылысы басталып, 2026 жылдың ақпанында ашылады. 2025 жылдың сәуірінде №195 балабақшаның күрделі жөндеуі мен сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталады.

Әлеуметтік жауапкершілік аясында «BI Group» құрылыс компаниясы 2025 жылдың тамыз айында жетім балаларға арналған жаңа «Жанұя» мамандандырылған кешенінің құрылысын аяқтайды. Жоба аясында ескі ғимарат сүріліп, жаңасы салынады. Жобаның жалпы құны – 5,9 млрд теңге.

Оқи отырыңыз: Биыл Медеу ауданының 25 көшесінің жолдары орташа жөнделетін болады