Алматының Түрксіб ауданында 54 км-ден астам электр желілері жаңғыртылады

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл шаралар ауданның электрмен қамту сапасын айтарлықтай жақсартып, апаттық жағдайда өшудің санын азайтуға мүмкіндік берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев электр желілерін салу және жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады. Бұл шаралар электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және тұрғын алаптарында жиі болатын апаттарды жоюға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

2024 жылы Қайрат шағынауданында 55,5 км кабель желілері тартылып, 22 трансформаторлық қосалқы станция мен 1 тарату пункті орнатылды. Бұл шаралар ауданның электрмен қамту сапасын айтарлықтай жақсартып, апаттық жағдайда өшудің санын азайтуға мүмкіндік берді.

Бұған қоса, 2025 жылдың мамырына дейін Әлмерек және Нұршашқан шағынаудандарында 54,5 км электр желілері мен 16 трансформаторлық қосалқы станцияны жаңғырту жұмыстары аяқталады.

Қайрат және Нұршашқан шағынаудандары тұрғындарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы жаңа «Тұздыбастау» қосалқы станциясы салынды. Нысанды пайдалануға беру биыл мамыр айына жоспарланған. Қазір «Тұздыбастау» қосалқы станциясын «Бесағаш» қосалқы станциясымен байланыстыратын 7,8 км кабель желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы аудан тұрғындарын тұрақты электрмен қамтамасыз етеді және болашақта инфрақұрылымды дамытуға негіз болады.

Жалпы, қалада инженерлік желілерді жаңғырту және қайта құру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы сумен жабдықтау желілерінің тозуы 52,9%-ға, су бұру желілерінің тозуы 53,9%-ға, ал электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 63,3%-ға дейін төмендейді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Баум тоғайы мен Үлкен Алматы каналын абаттандыру басталады

Новости партнеров