Биыл Алатау ауданының бюджеті 30%-ға өсті

24.04.2025 10:05

Ал көтерме сауда айналымы 2,5 есеге артты

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алатау ауданы Алматыдағы ең индустриалды дамыған аудандардың бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді – мұнда қаланың жалпы өнеркәсіп өнімінің үштен бірі өндіріледі. 2024 жылы аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 360 млрд теңгеге жетіп, 87,3%-ға артқан. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«2024 жылы белсенді бизнес субъектілерінің саны 10,2%-ға өсті, бұл өз кезегінде салық түсімін 31,1%-ға арттырып, 7,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 2024 жылғы бөлшек сауда айналымы 6,9%-ға өсіп, 536 млрд теңге болды, ал көтерме сауда айналымы 2,5 есеге артты», – деді қала әкімі.

Оның айтуынша, экономиканың белсенді дамуының нәтижесінде 2024 жылы Алатау ауданының бюджеті шамамен 40%-ға өсіп, 43,7 млрд теңгеге жетті, ал 2025 жылы тағы 30%-ға ұлғайып, шамамен 57 млрд теңгені құрады.

«2025 жылы Алматыны полицентрлік модель бойынша дамыту аясында Алатау ауданы үшін басты бағыттар – әлеуметтік нысандардың жаяу қашықтықтағы қолжетімділігін қамтамасыз ету және кеңейту, инженерлік және көлік инфрақұрылымын белсенді дамыту, жайлы өмір сүру ортасын құру болып қала береді», – деп сөзін түйіндеді Ерболат Досаев.

Оқи отырыңыз: Жыл соңына дейін Алматы тұрғындарының 90%-ы су есептегішке көшеді