Мегаполисте жас спортшылардың дамуына заманға сай мүмкіндіктер жасалып жатыр
Биыл Алматыда 4 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы спорт орталықтарының құрылысы басталады. Мегаполисте былтырдан бастап балалар спорт үйірмелері мен секцияларының саны артып, олардың сапасы мен қолжетімділігіне баса назар аударылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қалада оқушылардың спортпен шұғылдануына арналған үйірмелер саны артып келеді. Футбол, жүзу, күрес, гимнастика, дзюдо және шахмат сияқты түрлі бағыттағы секциялар кез келген жастағы бала үшін қолжетімді. Бастысы, бұл үйірмелер тегін әрі қаланың әр ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде спортпен айналысып жүрген балалар республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда төбе көрсетіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүр.
"Жаттығып жатқаныма 8 жыл болды. Дзюдо өзінің әдістерімен, күресімен ұнайды. Германияда Франкфурт қаласында өткен жарыста, Польшада болған жарыста чемпион болдым. Қазақстан чемпионатында 2-орын алдым. Енді болашақта әлем чемпионы және олипиада чемпионы болғым келеді", - дейді спортшы Әуелбек Хамза.
Бапкерлердің айтуынша, спортқа деген сүйіспеншілік кез келген баланың бойында бар, тек оларға дер кезінде көңіл бөліп, дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды.
"Қазіргі таңда 150 шақты шәкіртіміз бар, олардың арасында Азия чемпионатының жүлдегерлері, Қазақстан чемпиондары бар, көптеген халықаралық республикалық турнирлердің чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындадық. Тегін үйірмелер өте маңызды. Көпбалалы отбасылар және де әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан көбіне чемпиондар шығады. Сол себепті оларға қолдау көп қажет", - деді дзюдо күресінен қалалық жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ертуған Бақытгелді.
Қалалық спорт басқармасының мәліметінше, шаһардағы 16 спорт мектебінде 92 спорт түрі бойынша 15 мыңнан астам оқушы жаттығады. Балалардың бәрі тегін қабылданған. Бұл бағдарлама перзентінің болашағын спортпен байланыстырғысы келетін отбасылар үшін үлкен қолдау.
"Қазіргі таңда Алматы қаласы спорт басқармасына қарасты жасөспірімдерге арналған 16 спорт мектебі бар. Оның ішінде 92 спорт түрінен 15 мыңнан астам жасөспірімдер спортпен тегін айналысады. Олар қазір қаламыздың абыройы үшін республикалық жарыстарда қатысып, атымызды шығарып жүр", - деді Спорт басқармасы спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Мұқанов.
Спорт мектептеріндегі тегін үйірмелерден бөлек, қалада "Даму бала" платформасы жұмыс істейді. Бағдарламаға 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар спорттың 64 түрі бойынша тегін секцияларға қатыса алады. Былтыр жоба 35 мыңнан аса адамды қамтыған.
Аяулым Көлжігіт, Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Былтыр Алматы бюджетіне 1,8 трлн теңгеден астам салық пен төлемдер түсті