Жиында Астанада ашылғалы отырған Alem.aі халықаралық жасанды интеллект орталығы жайлы да сөз қозғалды
2030 жылға қарай Қазақстанның 1 миллионға жуық азаматы жасанды интеллект мүмкіндіктерін игереді. Оқу бағдарламасының аясында 500 мың оқушы, 300 мың студент және 90 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер тәлім алмақ, Бұл туралы ұйымдастырылып отырған Digital Almaty 2025 форумында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Форум цифрландыру саласының сарапшылары мен жасанды интеллект бағытының үздіктерін Алматыда тоғыстырды. Мұнда алдымен Еуразиялық экономикалық одақ елдері өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтіп, дәуір жаңалығына айналған жүйенің жаһандық экономикаға қосар үлесі мен қауіпсіздік мәселелері талданды. Оған Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Армения сынды 8 мемлекеттің үкімет басшылары қатысқан. Жиында Астанада ашылғалы отырған Alem.aі халықаралық жасанды интеллект орталығы жайлы да сөз қозғалды.
"Орталықты биыл ашу жоспарланған. Ол Астана қаласында іске қосылады деп күтілуде. Отандық компаниялар акселерациядан өтеді. Жасанды интеллект бойынша азаматтарды, мамандарды даярлайды", – деді Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зәкиев.
Мамандар «орталық ЖИ экожүйесін дамытуға септігін тигізеді» деп сендірді. Сонымен қатар биыл форумда жүйенің өнеркәсіпте ғана емес, медицина, білім, киберқауіпсіздік сынды салаларға ықпалы қандай екені зерттеліп жатыр. Халықаралық сарапшылар да келіп, өз тәжірибесін бөлісті. Ал өнертапқыштар алаңында 80-ге жуық стартап жоба таныстырылды.
Көзге түскен ерекше бастамалардың бірі мына шахматта сізге серіктес бола алатын құрал, яғни, робот. Ол толығымен жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Сіз өзіңіздің қадамыңызды жасағаннан кейін роботтың келесі қадамын күтесіз. Ол автоматты түрде жүйе енгізілген схемалардың көмегімен жұмысын бастайды. Атап өтерлігі, ол еш мүдірмейді, тұтқиылдан шабуыл жасауды да біледі.
"Шахматты үйретіп жатқан жасанды интеллект бір күннің ішінде 24 сағаттың ішінде деңгейін 0-ден 2800 рейтингке көтеретіндей супергроссмейстердің деңгейінде ойнайтын дәрежеге жетті. Басты мақсат – әлем чемпиондарын дайындау емес, әрбір баланы интеллектуалды тұрғыдан дамыту", – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Іс-шара алаңы бірнеше аймаққа бөлінгендіктен, оның әрқайсысында да қызу талқы жүріп жатты. Форум тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған – дрондардың қатысуымен футбол ойыны өткізілді. Оған мектеп оқушыларынан бастап, ересектер де қатысып, бақ сынап жатыр.
Еске салайық, форум ертең де жалғасады. Оған жалпы саны 40 мыңға жуық адам келеді деп жоспарланған.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Қала әкімі Digital Almaty форумында инновациялық әзірлемелермен танысты