Ерболат Досаев Конгресс орталықтың құрылысы және Таулы қыраттағы жерді сатып алу туралы айтты

27.02.2025 12:02

Жер телімдерін сатып алу белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Таулы қырат шағынауданында, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасатын Конгресс орталықтың құрылысы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қаланың жаңа Конгресс орталығы мемлекеттік меншікте болады. Қала бюджетінен инженерлік инфрақұрылым мен көркейтуге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілік аясында жеке демеушілердің қаражаты тартылады», – деді қала басшысы халықпен кездесуде. 

Ерболат Досаев жер телімдерін сатып алу барлық заң талабына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Жер телімдерін сатып алу белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Ұсынылған бағаға келіспегендер сотқа жүгіне алады. Кейбір жер иелерімен қажетті келісімдер жасалып, төлемдер жүргізілді. Ең бастысы, жер телімдерінің негізгі бөлігі қазірдің өзінде қаланың меншігінде. Біз тұрғындардың құқығын ешқандай жағдайда бұзбаймыз», – деді әкім. 

Қала басшысы Алматыда қазіргі уақытта Конгресс орталықтың жоқ екенін айтты. 

«Біздің қаламызда Конгресс орталық жоқ, сондықтан біз оны саламыз. Кейбір жалған ақпараттар тарап, бұл аумақта коммерциялық жылжымайтын мүлік бой көтереді деген қауесет тарады. Қаланың барлық тұрғынын сендіргім келеді: коммерциялық жылжымайтын мүлік салынбайды, тек Конгресс орталық болады. Кеңес Одағынан бері Республика сарайынан басқа мұндай нысандар салынған жоқ», – деді Ерболат Досаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда өзен арналары бекітіліп, тау соқпақтары көркейтіліп жатыр