2025 жылы Алматыны цифрлық жүйелермен қамтуға 16 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған
2025 жылы Алматыдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында қосымша 18 мың бейнебақылау камерасы жүйеге енгізіледі. Бұл бастама жол-көлік оқиғаларын 17, ал өлім-жітім санын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы жол қозғалысының қауіпсіздігін 2017 жылдан бері «Сергек» камералары қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде қалада 1600-ден астам бақылау кешені мен 9 мыңнан аса камера орнатылған. Олар жол ережелерінің сақталуын қадағалап, апаттардың алдын алуға септігін тигізеді.
"Көлік қолданушы ретінде бір нәрсені байқап отырмын. Қала тұрғындарында көлік қолдану мәдениеті айтарлықтай артты. Жедел жәрдем көлігі өткенде де барлығы жол береді. Заң бұзатындар және жылдамдықты арттыратындай азайды", – деді қала тұрғыны Бекжан Шоқанов.
"Жаяу жүргіншілер өткенде пайдасы көбірек. Себебі балалар үшін, өзің үшін қорқасың", – деді қала тұрғыны Гүлбану Құмарбекова.
"Өте дұрыс. Қылмыс, басқа да жағдайда камера түсіріп алады. Бұл өзгелерге сабақ болады. Ойландырады", – деді қала тұрғыны Құндыз Салымбекқызы.
Қауіпсіздік туралы сөз қозғағанда Алматыдағы мектептер мен балабақшаларда орнатылған заманауи ақылды камераларды да айтпай кетуге болмайды. Бүгінде олардың 52 мыңы бір жүйеде толыққанды жұмыс істеп тұр. Ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 70 мыңға жетпек. Бұл жүйе құқық қорғау органдарына да үлкен көмек көрсетіп жатыр. Мәселен бір жылдың ішінде ауыр қылмыс жасаған 15-тен астам күдікті ұсталған. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстың әлі де жалғаса беретінін айтты.
"Негізгі бағыттарымыз - қауіпсіздік. Бірінші кезекте бейнебақылау камераларын орнатып, оның ішінде «Сергек» жүйесін көбейтсек деп отырмыз. Себебі олар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Мәселен 2024 жылы осы камералардың көмегімен құқықбұзушылық деңгейі 20%-ға төмендеді. 2025 жылы камералардың жұмысын одан әрі жақсартуға қомақты қаржы бөлініп, бұл көрсеткішті тағы арттыру жоспарда бар", – деді "Smart city" жобаларын басқару бөлімінің бас маманы Темірлан Жақабай.
2025 жылы Алматыны цифрлық жүйелермен қамтуға 16 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл қаржының негізгі бөлігі қауіпсіздікті арттыруға бағытталып, қаладағы «Сергек» камералары мен 6 мыңнан астам бейнебақылау жүйесінің жұмысын жетілдіруге жұмсалмақ. Бұл қадам қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда биыл қандай көшелер ұзартылады