Қазақ жұртшылығы жазушы Дулат Исабековті соңғы сапарға шығарып салды

23.02.2025 12:26

Қаралы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің көңіл айту хатын оқып берді

Аlmaty.tv

Бүгін Алматыда қазақ жұртшылығы классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жазушылар Одағы ғимаратында өткен жазушымен қоштасу рәсіміне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізген қаралы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

«Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабекұлы Исабековтің дүниелен өткіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!» – делінген Президенттің көңіл айту хатында.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Дулат Исабекұлын ерекше қадірлейтінін, оның шығармаларымен, ұстанымдарымен жете таныс екенін, ұлт руханиятына қосқан үлесі мен қоғамдық дамудағы жасаған еңбегін бағалайтынын айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өз Жарлығымен Дулат Исабекұлын Қазақстанның Еңбек ері атағымен марапаттағанына тоқталды.

Мемлекеттік кеңесші сонымен қатар жазушының достарына арнайы көңіл айтатынын, «бұл буын өзара әдемі әзіл мен хикаяларға толы адал достығымен ерекшеленгенін» атап өтті. 

Қаралы жиында жазушының көзі тірісінде жолдас болған үзеңгілестері, замандастары, танымал тұлғалар сөз сөйлеп, «қазақтың көркем әдебиетінің ерен қабырғасынан айырылып қалдық» деді.

«Дулат Исабеков дегенде, қазақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді. Біз өз ұлыларымызды ұлықтаған, қадірлеген халықпыз. Бүкіл Қазақстан қазір қара жамылып отыр», - деді жазушы Мереке Құлкенов.

«Жарты ғасырдан астам уақыт өз шығармашалырмен күлдіре де білген, жылата да білген, ойландыра да білген ғажайып талант иесі өмірден өтті. Қазақ аман болса, талай таланттарды әкелетін шығар, бірақ Дулаттың орнын ешкім алмастырмайды», - деп көзіне жас алды жазушы Төлен Әбдіков.

Тақырыпқа орай: Жазушы Дулат Исабеков дүниеден өтті: Президент көңіл айтты

«Қазақ өзінің ұлы жазушысымен қоштасып жатыр. Біз, Төлен, Кәдірбек, бәріміз ұлы досымызбен қоштасып жатырмыз. Жарты ғасырдан астам иықтасып бірге жүрдік, құшақтасып өмірді бірге өткіздік. Дулаттай перзент туа қоймас, дәл Дулаттың орнын ешкім баса алмайды», - деп тебіренді жазушы Бексұлтан Нұржеке.

Қаралды жиында марқұмның жақындарына сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың, облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табысталды.

Еске сала кетейік, Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980) болған.

Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас редакторы (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.

Жазушының «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (роман, 1980) т.б. кітаптары жарық көрген.

«Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары шыққан.

Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.

Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. «Әпке», «Ертеңдi күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық- Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты.

Оқи отырыңыз: Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей: Аида Балаева жазушының қазасы туралы