Наурызбай ауданында газ желісін салу қарқынды түрде жүргізіліп жатыр
Былтыр ел аумағында 1700 шақырымға жуық газ құбыры жаңартылды. Соның нәтижесінде 300 мыңнан аса адамның көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндігі туды. Ал оның 27 мыңы - алматылықтар. Сала мамандары газбен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асса, халықтың өмір сүру сапасы артып, республикада экология жақсарады дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен жылдың басында елді газбен қамтамасыз ету деңгейі 60 пайызды құраған еді. Дәл сол кезеңде көгілдір отынды 12 миллион адамның пайдалануға мүмкіндігі туды. Бүгінде көрсеткішті одан ары ұлғайту көзделіп отыр. Мәселен, биыл бұл бағытта 45 жобаны іске асыру жоспарланған. Ол үшін 65 миллиард теңге де бөлінді. Нәтижесінде елді газбен қамту деңгейі 62 пайызға көтерілмек.
Ал Алматыда көрсеткіш 99,4 пайыз болып тұр. Шаһардағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 6 мың шақырымға жуықтайды.
"2023 жылы "QazaqGazAimaq" акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы бойынша 21 км жаңа газ желілері салынған болатын. Осы таңда жаңадан 500 үйге газга қосылуға мүмкіндік берілді. 2024 жылы 24,4 км желі жаңартылған болатын. 2025 жылы 51 км желілер жаңартылу жоспарланып отыр", - деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбай.
Сондай-ақ биыл Наурызбай ауданында газ желісін салу қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 6,7 шақырым. Жоба құрылысы аяқталған соң, көгілдір отынға ауданның 3 мыңнан аса тұрғыны ие болады.
"Биыл Алматы бойынша 12 мыңға жуық техникалық шарт берілді. Оның ішінде 8295-і – жеке үй, 840-ы – коммуналдық-тұрмыстық нысан, 181-і – өндірістік кәсіпорын және 101-і – көппәтерлі үй", - деді "QazaqGazAimaq" АҚ бас инженері Қайыржан Есім.
Еске салайық, Мемлекет басшысы елді газбен қамтудағы негізгі бағыттардың бірі «Әлеуметтік әмиян» екенін атап өткен болатын. Пилоттық жобаның аясында бұған дейін халықтың әлеуметтік осал тобына кіретін шымкенттік 6 мыңнан астам тұрғын газға 24 пайызға дейін жеңілдік алған еді. Ал 2025 жылы бұл бастама барлық өңірге енгізілмек.
Рүстем Айткәрім, Владислав Иващенко, Ғани Қалуов, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Үкіметте "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды